Бүгін Орал қаласында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментіне жаңа арнайы техникалардың кілтін табыстау салтанатты рәсімі өтті.

Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Сайранұлы Әрінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы Төреғалиев, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен ТЖД жеке құрамы қатысты.

Іс-шара ҚР Мемлекеттік Әнұранымен ашылды.

Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімі жеке құрамды құттықтап, құтқарушылардың ел қауіпсіздігі жолындағы еңбегіне жоғары баға берді.

Өз сөзінде министр Шыңғыс Әрінов еліміздің төтенше жағдайлар жүйесі заманауи техникалармен толық жабдықталып келе жатқанын атап өтті.


«Бүгін біз құтқарушылардың қызметін күшейтетін жаңа мүмкіндіктердің куәсі болып отырмыз. Қауіпсіздік саласында еңбек етіп жүрген мамандарға ең қолайлы жағдай жасау – мемлекет назарындағы маңызды бағыттардың бірі», – деді министр.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев те құтқарушыларды жаңа техникалармен қамтамасыз ету өңірдің қауіпсіздігін арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті.

Салтанатты рәсім барысында ҚР Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімі құтқарушыларға 30 бірлік жаңа өрт сөндіру және құтқару техникасының кілтін табыстады. Бұл техника облыстың барлық ауданындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жұмыстарын тиімді жүргізуге бағытталған.

Іс-шара соңында қатысушылар арнайы техникалармен танысып, қызметкерлердің дайындығын жоғары бағалады.
Бекзат Қанәділ,
zhaikpress.kz
