3.11.2025, 17:00
Оқылды: 104

Бала палуандар жарысы

Бәйтеректің боз кілемінде биыл да бозбалалардың рухы шалқып, білегі сыналды. Переметный ауылындағы спорт кешенінде өткен жарыс жай ғана дода емес, ұстазға тағзым, дәстүрге құрмет еді. Грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, талай шәкіртке жол ашқан білікті бапкер Алексей Викторович Пономаревті еске алу турнирі осымен бесінші мәрте жалауын көтерді.

WhatsApp Image 2025-11-03 at 16.26.05 (3)

Бұған дейін аудандық деңгейде өтіп келген бұл бәсеке биыл облыстық дәрежеге көтеріліп, маңызы мен мәртебесі арта түсті. Жарысқа облыс аудандарынан, Орал қаласынан және көршілес Ресейдің Сарытау қаласынан жас палуандар келіп, боз кілемде бақ сынасты. Шекара асқан спорт додасы Алексей Викторовичтің еңбегіне берілген тағы бір ілтипат іспетті.

WhatsApp Image 2025-11-03 at 16.26.05 (4)
Турнирдің негізгі мақсаты ауыл жастарын салауатты өмірге үндеу, күрес өнерін дәріптеу. Бұл игі істің бастауында А. В. Пономаревтің шәкірті, ұстазының аманатына адал жан Нұрбек Жанғалиев тұр. «Бәйтерек» спорт клубы мен аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі де жарыстың жоғары деңгейде өтуіне барынша қолдау көрсетіп келеді.

WhatsApp Image 2025-11-03 at 16.26.04
Бәсекенің ашылу салтанатына Алексей Викторовичтің өмірлік жары Антонина Павловна және Ресейден арнайы келген қызы Наталия Алексеевна шығып, әке есімін ұлықтаған барша қауымға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ жарысты тамашалауға «Аманат» партиясы Бәйтерек аудандық филиалы төрағасы Бибігүл Ахметжанова, БҚО грек-рим күресі федерациясының президенті Төлеген Тасболатов, БҚО қазақ күресі ассоциациясының президенті Әсет Сұлтанұлы, грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев және аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Медет Оңдағанов келді. Қадірлі қонақтар жас палуандарға ақ жол тіледі.

WhatsApp Image 2025-11-03 at 16.26.05
Кезінде даңқты Жақсылық Үшкемпіровпен бірге жаттықан Алексей Пономаревтің есімі енді шәкірт жүрегінде, спорт рухында мәңгі қалды. Ал, Бәйтерек бозкілеміндегі жарыс биыл да әдеттегідей жоғары деңгейде өтті.

WhatsApp Image 2025-11-03 at 16.26.05 (2)
Бала палуандар бәсекесінде сынға түскендер 8 салмақта кім мықтыны анықтады. Қорытындысында 28 келіде оралдық Оразғали Мансур, 32 келіде теректілік Аманқұл Арлан, 35 келі ресейлік Евгений Ковалев, 38 келіде бәйтеректік Алдияр Жылқайдаров жеңіске жетті. Ал 41 келіде теректілік Ислам Төлегенов жеңіске жетсе, 44 келіде Бәйтерек ауданының намысын қорғаған Исмаил Жұмағалиевқа тең келер палуан болмады. 46 келі салмақ дәрежесінде бәйтеректік Нұрлан Ислам, 52 келіде оралдық Әушет Даулет жеңімпаз атанды.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале