6.11.2025, 0:05
Оқылды: 66

Бәйтеректе жастар форумы өтті

Переметныйда жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, адалдық қағидаттарын насихаттауға бағытталған «Жастар адал болашақ үшін» атты форум болды. Іс-шараға мемлекеттік қызметкерлер қатарындағы жас кадрлар, ауыл жастары, колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.

IMG_20251105_235005_078
– Құрметті форумға қатысушылар, қадірлі жастар!
Бүгін біз қоғамдағы ең өзекті құндылықтардың бірі – адалдық пен жауапкершілік тақырыбында бас қосып отырмыз.
«Amanat» партиясы әрдайым жастардың бастамаларына қолдау көрсетіп, олардың ел дамуына белсенді қатысуына жол ашуды мақсат етеді.
Адал еңбек пен әділ ұстаным – табысты болашақтың кепілі. Сондықтан әрқайсыңыз өз ісіңізге шынайылықпен қарап, еліңізге пайда әкелуді басты мұрат етіңіздер.
Бүгінгі форум – сіздерге жаңа ой, тың серпін, сенім мен жігер сыйласын, -деді жиынның ашылуында сөз алған «Amanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Бибигүл Ахметжанова.

IMG_20251105_235040_582
Модератор, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жетекшісі Дархан Қуатов ел дамуы жолындағы адалдықтың маңызын атап өтіп, форум қатысушарымен таныстырды. Олардың қатарында аудан прокурорының орынбасары Әділет Әбу, Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев, Орталық Азия халықаралық әйелдер қауымдастығының президенті, жерлесіміз Әсемгүл Оразаева және облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сәрсенбаев, сондай-ақ Байқоныс ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Қоңыров болды.
Форум аясында көпшілік назарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мазмұндағы бейнеролик ұсынылып, қатысушылар арасында еркін пікір алмасу алаңы ұйымдастырылды. Аудан прокурорының орынбасары Әділет Әбу жастардың заңға құрметпен қарауы, адал өмір сүруі және әділетті қоғам қалыптастырудағы рөлін атап өтті. «Тәртіпке бағыну – әлсіздік емес, керісінше, жауапкершіліктің белгісі, - деді ол. - Тәртіпсіздік болса, қоғамның іргесі шайқалады. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің ең тиімді жолы – оны болдырмау, яғни әр адам өзінен бастауы қажет. Адал болу – адамның ең үлкен жетістігі».
Келесі болып сөз алған Орал қаласының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев жастар арасындағы еріктілік, азаматтық белсенділік және әлеуметтік жауапкершілік тақырыбын қозғаса, Нұрсұлтан Сәрсенбаев жастардың ел мүддесі үшін адал қызмет етуінің маңызын қозғады.
– Форумның тақырыбының өзі көп нәрсені аңғартады — «Жастар адал болашақ үшін». Бұл — бүгінгі күннің өзекті әрі терең мәні бар тақырыптарының бірі. Қай дәуірге көз жүгіртсек те, қазақ халқы жастарына үлкен үміт артып, ел ертеңін олардың қолына тапсырған. Қазір де Мемлекет басшысының саясаты жастарды қолдауға бағытталып отыр. Мектептердің жаңартылуы, түрлі білім беру бағдарламаларының ашылуы, кәсіби курстар мен жобалардың жүзеге асуы — мұның барлығы жастардың сапалы білім алып, өз әлеуетін дамытуына жасалып жатқан зор мүмкіндік. Бұл мүмкіндіктердің барлығы — ел болашағына, яғни сіздерге салынған үлкен инвестиция. Бірақ кез келген инвестицияның қайтарымы болуы керек. Сол сияқты мемлекет жасап отырған жақсылықтың өтеуі — сіздердің бәсекеге қабілетті, білімді, жауапты әрі адал азамат болып қалыптасуларыңыз. Ел сенімін ақтау — әр жастың парызы. Мағжан Жұмабаев: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін» — деп бекер айтпаған. Сол жастар – біз, қазіргі ұрпақ. Қазақта «Болатын бала он үшінде баспын дер» деген сөз бар. Яғни нағыз азаматтық қалып пен жауапкершілік ерте бастан сезілуі керек.

IMG_20251105_235103_507
Қазір сіздердің ең басты міндеттеріңіз — білім алу. Әр сабағыңызды, әр минутыңызды бос өткізбеу. Өйткені, алған білім – ертеңгі табыстың, сенімнің кепілі. Қазақстан – жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған алып мемлекет. Осындай байтақ жерді қорғап, болашаққа аман жеткізу – біздің қасиетті борышымыз. Біз – бар болғаны 20 миллион халықпыз, ал жастардың үлесі одан да аз. Сол себепті әрқайсыңыз елдің тірегі, ұлттың болашағы болуға тиіссіздер. Ел мықты болу үшін жастары бәсекеге қабілетті, еңбекқор әрі адал болуы қажет.
Мемлекетіміз жастарға барлық жағдай жасап отыр. Мәселен, «Дипломмен ауылға» жобасы, жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары, бизнес бастамаларды қолдау бағыттары – барлығы сіздердің өмірлеріңізді қалыптастыруға мүмкіндік беретін нақты қадамдар. Адамның кіндік қаны тамған жерге маңдайының тері де тамуы керек. Адалдық – барлығының бастауы. Өз-өзіне адал болған адам ешқашан еліне қиянат жасамайды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Сондықтан ең алдымен әрқайсыңыз өз жүрегіңізге, өз сөзіңізге, өз ісіңізге адал болыңыздар. Сонда ғана сіз елге де, қоғамға да адал боласыз,- деді Нұрсұлтан Сәрсенбаев.
Форум соңында спикерлерге ұйымдастырушылардың атынан алғысхаттар табысталып, жастар естелік суретке түсті.

Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале