11.11.2025, 17:30
Оқылды: 248

Бөрлілік педагогтер “QADAM”-да

Астана қаласында алғаш рет мектеп басшыларынан құралған республикалық педагогикалық хакатон өтті.

хакатон (1)

«Таным. Тәрбие. Тағылым» атты додаға еліміздің 23 өңірінен командалар қатысып, өздерінің инновациялық идеялары мен жобаларын ұсынды. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша Астана, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе және Абай облыстарынан келген 10 команда екінші кезеңге жолдама алды. Сол үздіктердің қатарында Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласынан барған “QADAM” командасы да бар. Команда құрамында Ақсай қаласының №1 ЖОББМ директоры Асемгуль Дауленова, №5 ЖОББМ директоры Гульмира Сембиева, №7 ЖОББМ директоры Шолпан Доскалиева, №8 ЖОББМ директоры Қуандық Тлебалиев, №5 ЖОББМ директордың оқу-әдістемелік жөніндегі орынбасары Зайра Ерекешова және модератор №1 ЖОББМ директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анжела Байедилова болды. Қатысушылар өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, әріптестерінен жаңа әдіс-тәсілдер үйреніп, білім саласын жетілдіруге бағытталған тың ұсыныстарын ортаға салды. Іс-шара барысында қатысушылар білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылап, мұғалімдер, ата-аналар және оқушылар арасындағы өзара ынтымақтастықты арттыру жолдарын талқылады. Пікірталас алаңдарында әр өңірден келген педагогтер білім сапасын арттыру, мектепішілік басқаруды жетілдіру, заманауи технологияларды қолдану және оқушылардың жеке қабілеттерін дамыту бағытында тәжірибе алмасты.

хакатон (2)

Бұл шараның алғашқы кезеңі онлайн форматта 15–22 қазан аралығында өтті. Қатысушыларға орта білім беру саласындағы өзекті мәселелерді қамтитын 15 тақырып ұсынылды. Командалар, сондай-ақ, өздері маңызды деп санаған тақырыптарды да таңдауға мүмкіндік алды. Өзекті мәселелер қатарында — жасанды интеллект пен білім берудегі жаңа талаптар, «Адал азамат» бағдарламасы, ата-ана мен мектеп ынтымақтастығы, оқушы белсенділігін арттыру, заманауи сабақты жобалау, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын қалыптастыру, білімді бағалаудың заманауи тәсілдері, буллингтің алдын алу және инклюзия сияқты бағыттар қамтылды. Бөрлі ауданының педагогтерінен құралған «QADAM» командасы осы кезеңде өздерінің бейнеролигін ұсынды. Онда мектептегі проблемаларды шешудің нақты жолдары мен педагогикалық жаңашыл тәсілдер көрсетілді. Команданың жобасы жоғары бағаланып, екінші кезеңге жолдама алды. Екінші кезеңнің нәтижесі бойынша барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар мен 50 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды.

Педагогикалық хакатонның басты мақсаты – білім беру жүйесін жаңғыртудың өзекті мәселелерін шешу, білім беру ұйымдарының өзара іс-қимылын нығайту және тиімді тәжірибе алмасуға жағдай жасау болып табылады. Биылғы шараның ерекшелігі – оның «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына негізделуі және қазақтың ұлы ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналуында.

Мұндай іс-шаралар педагогтердің кәсіби дамуына, жаңа көзқарас қалыптастыруына және қазақстандық білім беру жүйесін заманауи бағытта дамытуға зор серпін береді.

Анаргүл Шамбай,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале