12.11.2025, 12:45
Оқылды: 71

Мердігердің ісі мардымсыз...

Ақжайық ауданында ауылішілік жолдардың  жалпы  ұзындығы  217,8 шақырымды  құрайды. Оның ішінде асфальтты жол – 32,8, (15%), топырақты жол 185 шақырым (85%) шамасында. Ауданға ауылдағы жолдарды ретке келтіру, асфальттауға әлі де көп жұмыстану қажет.

a704b07c-b981-4a09-9261-644d8e425295

Биыл аудан аумағындағы ауылішілік үш  жобаға қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары  жүргізілді. Бірінші жоба бойынша  Тайпақ ауылындағы ауылішілік Махамбет, Д. Нұрпейісова, Х. Чурин, Жамбыл,  Т. Жұмалиев көшелерінің жолдары  күрделі жөнделуі (ауыспалы нысан) тиіс. Жалпы ұзындығы үш шақырым болатын ауыспалы нысан құрылысы 2023-2025 жылдарға жоспарланғанмен, әлі күнге жұмысы аяқталмады. Жоба құны 376 млн 198 мың теңгені құрайды. Ақжайық аудандық  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Айбек Замеровтің айтуына қарағанда, 2023 жылы құрылыс мердігерін анықтауға тиісті конкурстық рәсімдер өткізіліп, жергілікті «Орда жолдары» ЖШС мердігер деп танылған. Қара күзде тендерді ұтып алған соң бұл құрылыс компаниясы жол салуға қажетті материалдарды тасуды бастады. Одан кейін 2024 жылы көктемде құрылыс жұмыстарын қолға алған.

– 2024 жылы Тайпақ ауылының бес көшесіне құмды-қиыршықты қоспа  және қиыршықтас төсеу жұмыстары жүргізілді. Тек 500 метрге асфальтбетон жамылғысы  төселді.

Негізгі жол табаны дайын. Тамыз айында құрылыс тоқтады, себебі асфальт төсейтін техникасы сынып қалды. Әлсін әлі бұзылған техникамен  алысып жүргенде ауа райының қолайсыздығына (жауын-шашын жиіледі) тап болды. Содан 5 қарашадан бастап жұмыстар мүлдем тоқтатылды. Биыл құрылысты жалғастыруға қаржылық мүмкіндігі жоқ. Құрылыс материалдарының бағасы инфляцияға байланысты өсті. Мердігермен бірнеше мәрте хат алмасу жұмыстары жүргізілді. Бірақ оның барлығы нәтижесіз болғандықтан, 2025 жылдың 17 шілдесінде сотқа талап-арыз жолданды, – деп түсіндірді Айбек Замеров.

Қазіргі кезде тиісті сот рәсімдері жүргізілді. 2025 жылдың 25 тамыздағы Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешіміне сәйкес «Орда жолдары» ЖШС-ға шарт бойынша жұмыстарын толығымен аяқтауды міндеттеуді сұраған талап-арыз қанағаттандырылды.  Бірақ «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» демекші, әлжуаз мердігер   құрылысты 70%-ға орындаған  күйі аяқсыз қалдырды. Бастады да, тастады... Қазір Ақжайық аудандық  тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік сатып алу порталы арқылы аталған мердігермен шартты бұзу рәсімдерін жүргізуде.

Аталған Тайпақ жолдарының жобасы 2022 жылы жасақталған. Енді одан бергі үш жыл ішінде әрі жыл аяқталып қалғанын ескерсек, құрылыс материалдарының бағасы әлденеше рет қымбаттады. Осыған байланысты жобаға қайта түзету жұмыстары жүргізілуде. Жоба сараптамадан өткен соң жаңа мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіледі. Ал тайпақтықтар бес көшенің үш шақырым жолы жаңарып-жақсарады деп күткелі неше жыл болды?..

Іргелі аудандағы тағы бір жол жобасы қолға алынған.  Ол – Бударин ауылындағы  Қазақстан, Астана, Ж. Молдағалиев атындағы көше жолдарын қайта құру (ауыспалы нысан). Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, жалпы ұзындығы 1,8 шақырым болатын аталған жол жобасының құны – 246 млн 024 мың теңге. Мердігер  «Жайық Сити» ЖШС (техникалық қадағалаушы – «Артерия», ауторлық қадағалаушы – «ТатПроект» ЖШС-лары) 2024 жылы аталған нысан бойынша жөндеуді бастап, қажетті құрылыс материалдарын толығымен жеткізді. Асфальт жабынын төсеу үшін жол жабынын қырып-тегістеп, бұдан соң құмды-қиыршықты қоспа, қиыршықтас төсеген. Аталған жоба бойынша жұмыстарды жалғастыру үшін сол жылы қаржының қалған бөлігі толық бөлінбей жұмыс тоқтап қалды. Алайда  биылғы жылы облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, жол негізі тегістеліп, асфальт жабыны  төселді. Жол жұмыстары толығымен аяқталды. Енді мердігер жол жиегін бекітіп, жол белгілерін орнатуда.

1da1fc22-3b57-4735-80a7-66f16d8d9165

Ақжайық ауданындағы үшінші жоба – Чапаев ауылындағы ауылішілік жолдарды (Қазақстан, Болашақ, Тлеулин көшелері) күрделі жөндеу. Үш көшенің жолының ұзындығы 1,8 шақырымды құрайды. Жобаның құны – 321 млн 517 мың теңге. Мердігер «АСФА» ЖШС (техникалық қадағалау – «Комплекс инжиниринговых услуг в строительстве», ауторлық  қадағалау – «ТМПроектСтрой»  ЖШС-лары) жол құрылысын төрт айда аяқтауға міндеттелген.  Қазіргі кезде жол негізі нығыздалып, асфальт жабынын «жамылды». Құрылыс толығымен аяқталды. Құрылысшылар жол жиегін бекіту, жол белгілерін орнату жұмыстарын  жүргізуде.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале