Жаңақала ауданында өткен 2016 жыл аудан әкімі Л.Хайретдиновтің шешімімен жарияланған «Білім жылы» қорытындыланды.
Жиынды аудандық білім беру бөлімінің басшысы Е.Қадыров «Білім жылы» аясында атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктері жайында баяндамамен бастады. Білім беру бөлімі қызметкерлерінің әзірлеген бейнебаянынан да оқушылар мен ұстаздар қауымының жетістіктерін тамашаланды.
Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Лавр Рашидұлы білімі мен білігі, мәдениеті жоғары, іскерлік қабілеті қарымды, ұрпақ тәрбиесінде ерекше үлес қосып келе жатқан ұстаздарды құрметтеп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай сыйақы алған педагогтерге сертификат табыстады.
Келесі кезекте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Базарғалиқызы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен Жаңақала мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Р.Апахаеваға табыстады. Сондай-ақ ол Білім және ғылым министрінің алғыс хатымен бір топ мұғалімдерді марапаттады.
Сонымен қатар шарада бір топ ұстаздар аудан әкімінің, аудандық білім беру бөлімі мен аудандық кәсіподақтың Құрмет грамоталарына ие болды.
«Білім жылын» қорытындылауға арналған шара шағын мерекелік дастархан мен концертке ұласты.
Қазбек ҚУАНЫШҰЛЫ
Жаңақала ауданы