Биыл – соғыс және еңбек ардагері, «Қызыл Жұлдыз орденінің» иегері, Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында медицина саласында ұзақ жылдар қызмет еткен Әпен Текебаевтың туғанына 120 жыл. Осыған орай Орал қаласындағы М. Мәметова атындағы мемориалдық музейде «Халықтың ақ батасын алған дәрігер» тақырыбында еске алу шарасы өтті. Дөңгелек үстелге тума-туысы мен ардагермен бірге еңбек еткен әріптестері жиналды. Шараға қатысқандар әрі ұйымдастырушылар әскери дәрігердің өмір жолы, майдандағы ерлік істері туралы әңгімеледі.
Майдан жолында
Осы іс-шараны өткізуге ұйытқы болып, бастама көтерген М. Мәметова музейінің меңгерушісі, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов майдангердің жауынгерлік жорықтары жөнінде баяндады. Әпен Текебаев 1905 жылы Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Шоңғай ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Бір атадан, Текебайдан, Айтжан, Ерен, Ақесен, Меңжан, Әпен және Гүлмеруерт деген бес ұл, бір қыз тараған. Отбасындағы кенже ұл – Айтмағамбетті жеңгелері Әпен деп атап кетсе керек. Өз қолымен жазған өмірбаянында майдангер ауыл молдасынан хат танығанын айтқан. Әкесі мен анасы секілді ол да Төменгі Басқұншақтағы тұз өндірісінде жастай еңбек еңбек еткен. 1925-1929 жылдары Орынбордағы төрт жылдық медициналық училищені үздік бітірген. 1938-1941 жылдары Орда ауруханасының меңгерушісі болған.

Музей басшысы А. Батырхановтың мәліметі бойынша әлемді дүр сілкіндірген соғыс басталған 1941 жылы 10 тамызда Орда аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылған. Ал бір құжатта Жәнібек аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылғаны жазылған. Ол оқ пен оттың ортасында жүріп, талай жауынгердің өмірін ажалдан арашалады. Батыс майдан құрамында 387-атқыштар дивизиясының 1275-атқыштар полкінде әскери дәрігер, 1942 жылы Калуга қаласында жаралылар мен науқастарға арналған эвакогоспитальде фельдшер, 1942-1944 жылдары Батыс майдан құрамында 8-атқыштар бригадасының 9-танк корпусында, зенит девизионнында және 1944-1945 жылдары 212-әскери-санитарлық пойызда әскери дәрігер қызметтерін атқарған. Әпен Текебаев «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Жауынгердің марапаттау парағында жеке әскери жетістіктері мен сіңірген еңбегі туралы қысқаша мәлімет бар. «Медицина қызметінің аға лейтенанты Текебаев Әпен Текебайұлы 1943 жылдың шілде-тамыз және қыркүйек айларында орталық майдандағы шайқастарда үлгі боларлық табандылық пен батылдық көрсетті. Жаудың артиллериясы мен минометі қарша борап тұрғанда және жаудың топтық әуе шабуылдары кезінде жолдас Ә. Т. Текебаев әрқашан жауынгерлердің жанында болып, жараланғандарға жедел медициналық көмек көрсетті. 1943 жылдың 2 тамызында шабуыл кезінде екінші зеңбірек жанындағы бес адам жараланды. Текебаев оларға дереу көмек көрсетіп, жаралыларды шайқас алаңынан алып шықты. Жолдас Текебаевтың білімі мен медициналық тәжірибесі өте жоғары. Ол барлық білімі мен дағдысын сарбаздар мен офицерлерге көмек көрсетуге және олардың денсаулығын сақтауға жұмсайды. Мен медицина қызметінің аға лейтенанты Ә. Т. Текебаевты «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттау туралы өтініш білдіремін» деп жазған гвардия капитаны, зенит дивизиясының капитаны Федорец.

Майдангер 1945 жылы 12 желтоқсанда әскер қатарынан босап, елге оралған. Әр жылдары Тасқала ауданында фельдшер болып қызмет етіп, кейін Орда, Талов, Жақсыбай, Жәнібек медпункттерінің, Сайқын ауруханасының және Орда аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болады.
Көзкөргендер естелігі
Шарада музей меңгерушісі Ахмедияр Батырханов майдангердің көзін көрген жерлестерінің, еңбек ардагерлерінің естеліктерін слайд ретінде көрермен назарына ұсынды.

Өскемен қаласының тұрғыны, доғарыстағы полковник Таумұрат Лұқпанов былай деп есіне алады: «Әпен ата өткен ғасырдың 50-ші жылдары Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданына қарасты Сталин атындағы колхоздың «Большевик» ауылында дәрігер болып еңбек етті. Мен – ол кезде кішкентай баламын. Бірақ әлі күнге есімде, ауылдағы фельдшерлік пунктте Әпен ата үстіне ақ халатын киіп, мойынына фонендоскопын іліп отыратын. Ауылдың үлкені мен кішісі түгелімен Әпен атаға қаралатын. Ауыл фельдшері көшеде қолына үнемі сөмке ұстап жүретін. Әпен атаны ауылдың тұрғындары «әскери дәрігер» деп қатты сыйлайтын еді. Ол кісінің алдын кесіп өткен адамды көрмеппін. Майдангерлердің ерлігін ұмытпаумыз керек. Олар жүріп өткен өмір белестерін кейінгі ұрпаққа насихаттау парызымыз».

Жәнібек ауданындағы Күйгенкөл ауылының тұрғыны Жылқайдар Әбішов та Әпен Текебаевты елге еңбегі сіңген азамат деп есіне алады. «Әпен атаны біз доғдыр дейміз, негізі ол кісі – фельдшер. Алайда жоғары білімді дәрігерден кем болмады. Ешкімнің нұсқауынсыз елді мекендерді кейде ат арбамен, кейде жаяу аралап, ем-дом жүргізетін. Интернатта жатқанда ол кісіден барып витамин аламыз. Қызы Райса да фельдшер болды. Әпен ата менің әкеммен дос болдым деп айтып отыратын. Ол кезде туберкулезді манту арқылы анықтайтын. Сол манту айналасын қолмен сызып қоятын. Біреу ауырып жатыр деген сөзді естісе, емдеуге өзі барады. Науқасты қолындағы дәрі-дәрмекпен емдеп алатын. Басқа жерден ем іздеп, ешкім кетіп те қалмайтын», – дейді зейнеткер.

Сабақтастық
Тағылымды іс-шараға еңбек ардагерлері, Әпен Текебаевтің жиендері Махамбет Ихсанғали мен Клара Хамиева, Меңжан Текебаевтың ұрпақтары - Ресейдің Мәскеу облысындағы Химки қаласынан келген Аймана Маратқызы, Орал қалалық білім бөлімінің әдіскері Айнұр Мақсотқызы, Әпен Текебаевтің ағасы Ерен Текебаевтің немересі, Ақоба ауылының тұрғыны Күләш Текебаева, майдангердің жары Әминаның тума-туысы қатысты. Көрермендер қатарында «Ғұмыр-Дария» әжелер ансамблінің мүшелері, Орал ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері мен музей қызметкерлері де болды. Кеште ардагер жөнінде жылы естеліктер айтылды.

1964 жылы Әпен Текебаев сол кездегі Жәнібек ауданының «Тайыр Жароков» совхозынан (қазіргі Күйгенкөл ауылы) Ұзынкөл ауылындағы фельдшерлік пунктке қызмет бабымен ауысады. Ал Күйгенкөлдегі дәрігерлік қызметті сол кездегі жас маман Қозыкеш Омаров қабылдап алады. КСРО және ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, еңбек ардагері Қозыкеш Қасымұлы тарих қойнауындағы сол шақты есіне алды.

«Мен 1959 жылы Оралдағы медициналық училищеге оқуға түсіп, 1962 жылы бітірдім. Еңбек жолым Ордадағы ауруханада басталды. Алты айдан соң Бисен ауылында еңбек етіп, 1964 жылы Күйгенкөл совхозына қызметке жіберді. Сол кезде қызмет бабымен Ұзынкөлге ауысып жатқан Әпен ағайды көре қалдым. Елдің батасын алып, алғысына бөленген азаматқа жерлестері аса құрметпен қарады», – деп әңгімесін бастаған Қозыкеш ақсақал фельдшерлердің қым-қуыт тірлігін баяндады. Әпен Текебаевтың көзін көрген еңбек ардагері, М. Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Асқар Атаев өткен шақты еске алды. «Мен майдангердің тума-туысының басын қосып, өткізіп жатқан іс-шараны ұлағатты іс деп есептеймін. 1961 жылы 19-партсъезд деген колхозда комсомол хатшысы болып еңбек еттім. Әпақаң ол кезде фельдшер болып қызмет етті. Сол уақытта 60 жасқа жақындаған шағы еді. Әпақаң кәсіби шеберлігімен қатар, адами қасиеттерімен де құрметке ие болды. Үлкен-кішіге бірдей қамқорлық көрсетті. Соғыстан кейінгі қиын жылдарда ауыл-елді аралап жүріп, науқастарға ем-дом жасады», – деп зейнеткер майдангердің еңбекқорлық қасиетін тілге тиек етті.
«Жәнібек орталығындағы көшеге есімін берсе...»
– Мен – Әпен Текебаевтың ең үлкен ағасы Меңжанның немересімін. Көкем Әпен Текебаевтың туғанына 120 толуына арнап осындай кеш өткізген М. Мәметова мемориалдық музейінің ұжымына алғыс білдіремін. Бала кезімде көкемнің айтқан әңгімесі әлі есімде. «Ржев түбінде қырғын шайқас болды. Екі күннің ішінде 900 әскеріміз қырылып қалды. Санитарларым да қайтып оралмады. Түннің бір мезгілінде өзім еңбектеп шығып, ең болмаса жаны қиналып, ыңырсып жатқан адам болса, арқалап алып шыққым келген. Бірақ ешкім дыбыс берген жоқ. Ақ қардың үстінде 900 сарбаз жайрап жатты», – деп көзіне жас алып әңгімелегені бар еді.

Севастопольдағы соғысты «Шылдырлап шашылып жатқан гильзадан аяқ басатын жер болмады» деп есіне алатын. Мен есейген соң көкем ізімен жүріп, Ржев қаласына бардым. Онда 100 және 101-інші қазақ жеке атқыштар бригдалары әскерлерінің бейітіне барып, тағзым еттім. Әпен көкем Жәнібек ауылының Комсомол көшесіндегі 99-үйде тұрған. Қазіргі кезде бұл көшеге басқа соғыс ардагерінің есімі берілген. Мен Жәнібек ауылындағы бір көшеге әскери дәрігер болған Әпен Текебаевтың да есімі берілсе деп сұраймын. Әпен көкем мен Әмина апамның балалары болмады. Бірақ жеңгесінің қызы Райсаны, немере ағасының қызының қызын асырап алды. Өте балажан кісі болды. Майдангер көкеміздің жолын жалғаған бауырлары бар. Атам Меңжанның Алматыда тұратын қыздары Әлия мен Жарқынай дәрігер болып қызмет етті. Ғаппар Текебаевтың қызы Сәуле де дәрігер болды, – деп әңгімеледі майдангердің тумасы Аймана Меңжанова. Сонымен қатар ол Текебаевтарға жиен боп келетін қазақтан шыққан тұңғыш генерал Шәкір Жексенбаев пен Әпен Текебаевтың түрлі-түсті сурет портреттерін музей қорына сыйға тартты.

Іс-шарада мемлекеттік қызмет саласының ардагері, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бұрынғы басшысы, зейнеткер Махамбет Ихсанғали да сыр шертті.
– Анам Шолпан Текебаева белгілі облыс ақыны болды. Нағашымыз Әпен Текебаев – майдан даласында да, соғыстан кейін де халыққа адал қызмет еткен азаматтардың бірі. Ол кісінің кәсіби шеберлігі мен адами қасиеттері ел арасында әлі де айтылып жүр. Мысалы, Жәнібек ауданының Күйгенкөл совхозынан шалғайда тұратын малшының немересі ауырып қалады. Әпен атамыз ат-шанамен барып, ем-дом жасап, жазады. Сол бала ер жетіп, Орал қаласында үш жыл әкім болды. Әпен атамыз перзентіне шипа дарытқаны үшін алғыс айтып, шанасына қойын салып берген малшының сый-сияпатын қабылдамапты. Атамыз «Менің міндетім – адамдарды емдеу» деп ешкімнен ақы-төлем алмаған. Ол кісінің қолының шипасы басқа дәрігерлердікіне қарағанда бөлектеу болған деп есептеймін. Кезінде бір ағамыздың желкесіне қайта-қайта шиқан шығып, ауыра беріпті. Ұзынкөл совхозында медпунктте отырған Әпен дәрігерді іздеп барады. Ол бұл кісіні аппақ қабырғаға арқасын беріп, тұрғызып қояды. Сөйтеді де екі саусағымен шиқанды басып қалды. Қолының ептілігі сондай, жараның өзегі жұлынып түседі. Ағамыз «Содан кейін ешқашан шиқан шықпады» деп еске алып жүрді. Әпен атамыз қартайса да қызметтен қол үзбеді. Шалғайдағы ауылдардан көлікпен келіп алып кетіп, шипалы еміне жүгініп жүрген, – деп есіне алды зейнеткер.

Сонымен қатар кеш қонақтары – Бауыржан Текебаев, Люба Қайсағалиқызы, Мариям Сиражева, Нұртай Текебаев да сөз алды. Олар Текебаевтар әулетінің басын қосқан ілкімді іс-шара үшін ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың Мәдениет және өнер факультетінің оқытушысы Айжан Мұхамбетжанова Мұхит Мерәліұлының «Айнамкөз» әнін әуелете шырқады. Көзкөргендердің бірі майдангер Әпен Текебайұлының Мұхиттың әндерін жақсы көргенін, әсіресе «Айнамкөзді» ерекше ықыласпен тыңдағанын айтқан.

Өлкетанушы Ахмедияр Батырханов Әпен Текебаев туралы деректерді жиі жариялайды. 2013 жылы DANAqaz журналында журналист Нұрлыбек Рахмановтың «Мені нағыз дәрігер жасаған соғыс» атты мақаласы жарық көрді.Одан бөлек naroda.ru сайтында да деректер орналастырылған. Айта кетейік, музейде өткен шаралар туралы «Жайық Пресс» ақпараттық агенттігі мен «AQJAYIQ» телеарнасы және БҚО тарихи-өлкетану музейі ақпарат таратты.

Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»
фотоға түсірген Бекзат Қанәділ