Бүгін Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов ердің жасы елуге толған белгілі меценат, спорт жанашыры, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Айбынбек Сәкенұлы Абитовты қабылдады.

Айбынбек Сәкенұлын аудан жұртшылығы атымтай жомарт, елге жанашыр азамат ретінде жақсы таниды. Нәпақасын ауыл шаруашылығы саласынан тауып, кәсіпкерлікпен айналысқан ол аудан спортының дамуына айрықша үлес қосып келеді. Әсіресе, аудан намысын қорғап жүрген спортшыларға қаржылай демеушілік танытып, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап жүрген жомарт жанның еңбегі ел аузында.
Қабылдау барысында округ әкімі Ернар Ғалымов мерейтой иесіне жылы лебізін білдіріп, иығына шапан жауып, мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ, қабылдауға қатысқан «Айбын» спорт клубының директоры Жоламан Тасболатов та Айбынбек Сәкенұлын мерейлі жасымен құттықтап, алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ернар Ілиясов, Казталов ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқанғали Бектілеуов, аудандық мәслихат депутаты Сәкен Ищанов, белгілі спортшы Руслан Шәріпқалиев қатысып, туған күн иесіне ақжарма тілектерін арнады.

Қоғамдық істердің бел ортасында жүріп, ауданның әлеуметтік және спорттық өміріне айтарлықтай үлес қосып жүрген ел ағасы Айбынбек Абитовқа ауылдастары зор денсаулық, отбасылық бақыт және толағай табыстар тіледі.
Қайрат Жақып
Казталов ауданы