Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың есеп беру кездесуі Көшім, Янайкин және Щапов ауылдарында жалғасын тапты.

Көшім ауылдық округі – Бәйтеректегі ірі және әлеуеті жоғары округтерінің бірі. Ауыл әкімі Ауған Алмуризиннің баяндауынша, қазір Көшім ауылдағы мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанды 2026 жылдың жаз айларында толық аяқтау жоспарланған. Үлкен Шаған мен Көшім ауылдарындағы ауылішілік жолдарды толық жөндеуден өткізу де күн тәртібінде тұр. Үлкен Шаған орта мектебі апатты жағдайда болуына байланысты жаңа білім ұясының құрылысы басталмақшы. Бүгінде қажет құжаттың бәрі дайын, мердігер компания қаражат түскен бойда жұмыстарды бастамақ.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының қызығын көріп отырғандардың бірі – көшімдіктер. Бұл бағдарлама округ экономикасының дамуына серпін беріп отыр. Биыл да Үлкен Шаған мен Колесов ауылдарының тұрғындары «Ауыл аманаты» арқылы төмен пайызбен несие алып, өз жобаларын жүзеге асыруда. Бағдарлама аясында жалпы құны 132,9 млн теңге болатын 11 жобаның 8-і іске асырылуда. Оның ішінде екеуі ауыл шаруашылық техникасын сатып алу, алтауы мал шаруашылығы мен құс өсіру бағыттарында. Ал 2025–2026 жылдарға арналған кезеңде көкөніс және бақша шаруашылығы, құс өсіру мен автосервис ашуға бойынша 4 жоба бар. Бұдан бөлек, «Өркен плюс» ауыл шаруашылық кооперативі техника сатып алу үшін 31,5 млн теңге, ал «Колесово» кооперативі томат өндіру және сүт өңдеу ісін дамыту мақсатында 300 млн теңге қаржы алуды көздеп отыр.

Салық түсімдері де жоспардан асыра орындалды. Егер жылдық жоспар 26 млн 968 мың теңге болса, 10 айдың қорытындысы бойынша нақты түсім 47 млн 357 мың 658 теңгені құрады. Бұл – округ экономикасының тұрақты өсімде екенін көрсетеді.
- Қазан айында Үлкен Шаған ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті – Semser Ort бөлімшесі ашылды. Мұнда 3 бірлік техника және 15 адам жұмыс істейді. Жалпы округ аумағында 370 млн 588 мың теңге көлемінде инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде 290 млн теңге көлеміндегі ірі жоба – «Семсер Өртсөндіруші» ЖШС-нің өрт сөндіру бөлімшесі, әкімдікке тиесілі негізгі құрал-жабдықтар – 11 млн 658 мың теңге, ал шаруа қожалықтарының ауыл шаруашылық техникалары – 68 млн 930 мың теңгені құрап отыр, – деді Ауған Ғарифоллаұлы.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді де көтерді. Атап айтқанда, Валентина Леонтьева ауа райы қолайсыз күндері ауылішілік жолдардың сапасына байланысты үйден шығудың қиындайтынын айтып, бұл мәселенің қашан шешілетінін сұрады. Ал З.Балмолдин Набережный көшесіндегі жарық шамдарын жөндеуді өтінді.
Жол мәселесіне қатысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Аслан Даубаев тиісті құжаттардың дайын екенін, қаржы бөлінген жағдайда жұмыс басталатынын айтты. Ал ауыл әкімі жарық мәселесін жақын арада шешуге уәде берді.

Келесі есеп беру кездесуі Янайкинде жалғасты. Мұнда округ әкімі Сәуле Аққайырова өз баяндамасында осының алдындағы кездесуде көтерілген бірқатар мәселелердің назарда екенін атап өтті. Олардың бірі – бұрын дәрігерлік амбулатория болған ғимаратты жөндеу. «Бұл мәселе бойынша құрылысшылар келіп, ғимаратты қарап шықты, - деді Сәуле Қуанқызы.- Қараша айында жергілікті қоғамдастық пен ауыл активі өкілдерінің қатысуымен ғимараттарға ақаулар актісі толтырылып, жөндеу жұмыстарына қажетті сметалық құжаттар әзірленеді».
Жергілікті бюджетке салық түсімі жоспардан едәуір асыра орындалған. Егер жоспар бойынша өткен тоғыз айда 6 млн 547 мың теңге жиналуы тиіс болса, нақты түсім көлемі 10 млн 798 мың теңгеге жетті, яғни жоспар 160 пайызға орындалды.
Медициналық қызмет көрсету саласында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Биыл округте екі медициналық пункт ашылып, тұрғындардың игілігіне берілді. Сонымен қатар, Скворкин ауылына апта сайын Янайкин ауылындағы дәрігер кесте бойынша барып тұрады.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерін де ортаға салды. Олардың ішінде ауылішілік жолды жөндеу, балалар ойын алаңын салу, жарықшамдары орналасқан ескі бағаналарды ауыстыру, жаңа медициналық пункт базасында тіс дәрігері кабинетін ашу жайы бар. Бұл сұрақтарға аудан басшысымен қатар құзырлы құрылым өкілдері жауаптарын берді.

Щапов ауылдық округінің әкімі Біржан Нұрбайыров баяндамасынан аңғарғанымыздай, биыл да мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Әсіресе жол мен жаяу жүргіншілер жолдарына жіті мән беріліп отыр. Мәселен, округ орталығындағы жолдардың кепілдік мерзімі аясында мердігер компания бұзылған асфальт бөліктерін жөндеп, тротуарларды да қалыпқа келтірді. Қауіпсіздік үшін қосымша жол белгілері орнатылды. Жаңатаң ауылына кіретін 1 шақырымдық жол да назардан тыс қалмады. Аудандық ТҮКШжАЖ бөлімі жүргізген жөндеу жұмыстарының арқасында бұл жолға ұсақ тас пен құм аралас материал төселіп, жол тегістелді. Ауылішілік тротуарлар да кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр: биыл 1000 м² жаяу жүргінші жолы салынса, тағы осындай жолдың құрылысын жыл біткенше аяқтау көзделуде. Кейбір көшелерге ескі асфальт қалдықтары төселіп, жалпы 1 шақырым жол тегістелді. Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 3 шақырым көше және тротуар жолақтары сызықтары жаңартылды. Орталық спорт алаңы толық қоршалып, 438 м² аумақ абаттандырылды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жаңа су ұңғымасы қазылып, іске қосылды. Одан бөлек Щапов ауылында екі, Жаңатаңда бір ойын алаңы ашылды. Көшелерге сегіз орындық орнатылды. Көшелердегі 32 шам ауыстырылып, жарық сапасы жақсартылды. Щапов және Жаңатаң ауылдарында тұрғын үй құрылысы да жыл санап қарқын алып келеді. Биыл ауыл тұрғындары жалпы көлемі 495 шаршы метр болатын жаңа үй салды. Сонымен қатар құрылысы басталмай, тек іргетасы ғана құйылып тұрған 59 жеке үй бар. Бұл алдағы 2026 жылда тұрғын үй салу көлемінің айтарлықтай артатынын көрсетеді. Тұрғын үй құрылысына арналған, бірақ ұзақ жылдар бойы игерілмей тұрған жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтарып, оларды кезекте тұрған азаматтарға беру бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде игерілмеген 26 жер анықталып, биыл қараша айында оларды заңды түрде қайтару басталды. Қазірдің өзінде 4 азаматқа учаске берілсе, тағы 14 адамның құжат рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымы да жаңарып келеді. 2023 жылы басталған 200 орындық ауылдық клубтың құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілуге дайын.
- 2026 жылға арналған жоспарымыз айқын. Алдағы уақытта Щапов ауылынан жаңа саябақ салуды көздеп отырмыз. Онда балалар ойын алаңы, стритворкаут аймағы, гүлзарлар, жарық шамдар мен орындықтар орналаспақшы. Бұдан бөлек, көшелерге бейнебақылау камералары орнатылады. Щапов пен Жаңатаңдағы ауылішілік жолдарды жөндеу, тротуар салу жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ округ орталығына жаңа трансформатор орнату, Жаңатаң ауылына балалар ойын алаңын салу және екі ауылдағы спорт алаңдарын жөндеу де жоспарда бар. «Бөбек» бөбекжайын күрделі жөндеуден өткізу де басым бағыттардың бірі,-дейді Біржан Төлегенұлы.
Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы