18.11.2025, 16:00
Оқылды: 32

Ұстаздарымды ұмытпаймын

Ұрпақ тәрбиесі мен ел болашағы жолындағы ең жауапты міндеттің бірі – ұстаздық қызмет. Бүгінде жоғары  оқу орнында білім алып жүрсем де, мектеп қабырғасында маған  жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсеткен  ұстаздарымды жадымнан шығарған емеспін. Менің рухани тұрғыда жетіліп, тұлға болып қалыптасуыма ықпал еткен әрбір ұстазға тағзым ету – шәкірттік парызым деп білемін.

фото Бибіназдың мақаласына1

Мен – Жәнібек ауданына қарасты Ақоба ауылындағы Хаби Халиуллин атындағы орта мектептің түлегімін. Осы алтын ұямда он бір жыл бойы сапалы білім алып, жақсы тәрбие көрдім. Қанатымды қатайтып, үлкен өмірге қадам бастырған ұстаздарымның орны ерекше.

Бастауыш сыныпта білімге деген алғашқы қызығушылығымды оятқан ұстазым Дархан Пайдина мен жоғары сыныпта білім нәрімен сусындатып, әрдайым қолдау көрсеткен Балжан Хасинова апайыма шәкірттік алғысым шексіз. «Жақсы ұстаз – мектептің жүрегі» деген қанатты сөз дәл осындай жанашыр педагогтерге арналып айтылғандай. Олар бізді білімге баулып қана қоймай, бойымызға шыдамдылық, жауапкершілік, талапшылдық сияқты адами қасиеттерді дарытты. Өйткені адам бойында осы қасиеттер болмаса, ешбір істің нәтижесі болмайтынын өзіміз де түсініп келеміз.

фото Биібіназ мақаласына2

Уақыт өзгергенімен, ұстазға деген құрметтің құны ешқашан төмендемек емес. Ұстазға деген сағыныш, шынайы алғыс – әр адамның жүрек түкпірінде жататыны анық. Аяулы ұстаздарымның бізге арнаған уақыты мен еңбегін құрметтеймін  және  ұмытпаймын.

 

Бибіназ Әділхан,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенті,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале