Ақын, қоғам қайраткері Айсұлу Қадырбаеваның 75 жасқа толуына орай оның туған жері Қаратөбе ауданында «Күміс қанат – Ақ сұңқар» атты рухани-шығармашылық кеш өтті.

Алдымен кеш иесі Айсұлу Қадырбаеваның өзі бастаған қадірлі қонақтарды аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев Қаратөбе ауылына кіреберістен қарсылап, құрмет көрсетті. Қазақы салтпен ақ ұсынылып, әннен шашу шашылды.
Мұнан кейін меймандар Ғарифолла Құрманғалиев атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығына беттеді. Фойеде «Сөз өрнектеп, сыр толғаған Айсұлу» атты ақын шығармашылығына арналған көрмемен танысты.
Кеш шымылдығы Айсұлу Қадырбаеваның өмір жолы туралы арнайы дайындал-ған бейнефильммен ашылды. Оның балалық шағы мен қайраткерлік қырын танытатын қойылым сахналанды. Айсұлу ақынның өлеңіне жазылған Темірәлі Бақтыгереевтің «Барып қайт, балам, ауылға!», сондай-ақ Роза Әлқожаның «Ақсұңқар» әндері жергілікті өнерпаздардың орындауында шырқалып, кеш шырайын аша түсті.

– Бүгінгі күн Қаратөбе жұртшылығы үшін ғана емес, тұтас қазақ елі үшін қуанышты, мерейлі күн. Өйткені, жүрегі елім, жерім деп соққан қазақтың батыр да ақын қызы Айсұлу Қадырбаева ортамызда аман-есен мерейлі жасқа толып отыр. Айсұлу апамыздың жалынды жырлары ғана емес, ұлт мүддесі жолындағы батыл әрекеттері де қазақ жерінің тұтастығы мен ел Тәуелсіздігіне бірдей қызмет етіп келеді. Ақын апамызды анадан қыз боп туса да, тарих таңдаған, қажет кезінде дәуірдің өзі қалыптастырған тұлға десек, артық айтқандық емес. Мұндай тұлғаның қазақылықтың қаймағы сақталған, құт дарып, кие қонған Қаратөбе жерінен шығуы да тегіннен тегін болмаса керек. Тіл тағдыры, жер тұтастығы киелі Тәуелсіздігіміз үшін қашанда маңызды ұғымдар болып қала бермек. Олай болса, Айсұлу Қадырбаеваның жазған сөзі де, атқарған ісі де ешуақытта маңызын жоймақ емес. Керісінше, Алаштың Айсұлуы уақыт өткен сайын тұлғаланып, лайықты бағасын ала бермек. Ендеше, осынау жасқа жетіп отырған Айсұлу апамызға тілеріміз – көкейдегі армандарыңыз орындалсын! «Әділетті Қазақстан» орнағанына куә болып, халқымыздың бақуатты тірлік кешкенін көріп, ұзақ та, бақытты ғұмыр сүргейсіз! Апамыздың шашбауын көтеріп, елдің қуанышына ортақтасып, алыс-жақыннан келіп отырған қадірлі меймандар, қош келдіңіздер! – деді құттықтау сөзінде аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев.

Кеш барысында Айсұлу Қадырбаеваның шығармашылық еңбектері топтастырылған «Шыңғыс хан – қаған» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Сондай-ақ шараның басты қонағымен сахна төрінде сырлы сұхбат өрбіді. Ақын шығармаларын мәнерлеп оқыған аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашылары көпшіліктің көңілінен шықты. Кітапхананың тұрақты оқырманы, балалар арасындағы аудандық, облыстық көркемсөз оқу байқауларының жүлдегері Қадыр Өтеген Айсұлу Қадырбаеваның «Ақ мамам» лирикалық дастанын жатқа оқып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Алматы қаласынан арнайы келген экономика ғылымдарының кандидаты, белгілі меценат Құндыз Нупов, Орал қаласынан келген ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Мәлік Шәлменов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин, сондай-ақ ақынның туысы Бақтылы Есболатова сахна төріне көтеріліп, кеш иесіне ақжарма тілектерін арнады.
– Ақынның бәрі қайраткер емес, қайраткердің бәрі ақын емес. Әрине, екеуі де ұлық қадір-қасиет. Ал, ақындық пен қайраткерліктің бір адамның бітім-болмысында тоғысуы – өте сирек құбылыс. Діңі қатты, ділі нәзік, аққайыңдай қайраткерлігімен, ақындығымен халықтың көңілінен орын алған тұлға – Айсұлу апамыз бүгін алдарыңызда. Менің түсінігімде Тәуелсіздікке қол жеткізу – Тәуелсіздікті алғанша ғана. Бірақ соның өзі халқымыздың тарихына қарасаңыз, талай ғасырды, бірнеше дәуірді қамтиды. Ал, қол жеткен Тәуелсіздікті баянды ету, мемлекеттілікті жыл өткен сайын нығайта түсу – ол мәңгілік күрес, мәңгілік майдан.
Жұбан ақын айтқандай, біз мың өліп, мың тіріліп, Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Қазір мәңгілік күрес, мәңгілік майдан жағдайындамыз. Тәуелсіздікті тұғырлы ететін, мемлекеттілікті баянды ететін – ұлттық рух. Ұлттық рухты сонау ауыз әдебиетінен, фольклордан бастап, Айсұлу апамызға дейінгі, Айсұлу апамыздың өзі мен замандастары әрі қарай жарқын болашақтың көш-керуеніне жалғастыратын ұлттық әдебиеттен аламыз. Ақындығы баршаңызға мәлім. «Барып қайт, балам, ауылға!» классикалық өлең. Егемендіктің елең-алаң, Тәуелсіздігіміздің таңсәрі жылдарында жарғақ құлағы жастыққа тимей, қазақ сыныбының ашылуына, қазақ мектебінің ашылуына Шона Смаханұлы бастаған зиялы топ, ат төбеліндей аз ғана ақын-жазушыларымыз кең байтақ Қазақстанды шарлап, шаршамай-шалдықпай, кездескен кедергілерге мойымай, жолыққан қиындықтардан табандары таймай қол жеткізді. Заты нәзік әйел болса да, апамыз сол ер азаматтардың алдыңғы қатарында болды. Айсұлу апа, мынау туған жеріңіздің жұпар ауасы, қасиетті топырағы замандастарыңыздың, аудан халқының сізге деген ыстық ықыласы, ілтипат-құрметі өзіңізге тың күш-қайрат, шығармашылығыңызға жаңа серпін, шалқар шабыт сыйласын! Аудан халқының ықылас-ілтипаты сізді жетпіс бестен емін-еркін асырып, жүзге жеткізсін! Айсұлу апамыздың еліміздің мүддесіне қызмет етіп келе жатқан қарым-қабілеті, талант-дарыны, қадір-қасиеті өзінен жасы кіші, жолы кіші жерлестеріне түгел жұғысты болсын! Қаратөбенің әр ұлы мен әр қызы ұлы Отанымыздың мемлекеттілігін, еліміздің ұлы мәртебелі Тәуелсіздігін нығайта түсетін бір-бір қайраткер, бір-бір тұлға болып қалыптасуына тілектеспін! – деді жазушы Бауыржан Файзоллаұлы.

Шара барысында Айсұлу Қадырбаеваның шығармаларын насихаттау бойынша өткізілген аудандық байқаудың жеңімпаз-жүлдегерлері марапатталды. Ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан «Жыр тану тарланы» аталымына Айгүл Төлен, эссе жазу бағытында «Ең шынайы туынды» аталымына Мөлдір Кенжесова, ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беру бойынша «Ұшқыр жауап иесі» аталымына Бибігүл Жанахметова, «Көркем сөз шебері» аталымына Мөлдір Амантаева лайық деп танылды. Тең құрбысының алды болған өрендерге марапатты ақынның өзі табыстады.
– Айналайын ауылдастарым, апаларыңыздың шығармашылығын дәріптеп жатқандарыңыз үшін баршаңызға басымды иемін. Жазғандарымды сахнада толғанып тұрып оқыған балаларды көргенде жан дүнием толқып, жанарыма жас үйірілді.
Уа, туған жер, мен саған ел деп келдім,
Кіндік кескен баяғы жер деп келдім.
Ақ мамам мен жоқтатпас ақ көкемді,
«Құлыным-ау, кішкентай» дер деп келдім, – деп өлеңдеткен Айсұлу сөзін былайша жалғады:
– Бүгін бір қауым ел болып қолтығымнан демедіңіздер. Барлық жанашыр, демеушілеріме көптен көп рақмет! Ұйып отырған елді көріп, жаңағыдай өнерді көріп, қазақ деген халықтың болашағы зор деген сенімімді нықтадым, – дей келе аудан халқы мен аудан басшылығына дән ризашылығын білдірді.
Аудан әкімі жергілікті жұрттың құрметі ретінде мерейлі жасқа толған ақынның иығына ақ шарқат пен камзол жауып, ат мінгізді.
Айсұлу Қадырбаеваның мектепте бірге оқыған замандастары да қаумалап, алғаусыз көңілмен ыстық ықыластарын жеткізді.
Кеш соңында ақынның сөзіне жазылған «Аққулы көлге бардың ба?» атты жаңа әннің тұсауы кесілді. Әннің ауторы – жас ақын, сазгер, әнші Әділ Ахметов әсем туындыны өзінің шебер орындауында жұртшылыққа жеткізіп, көптің ықыласына бөленді.
Нұртас Набиоллаұлы,
Қаратөбе ауданы