Өңірімізде жіті респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққан тұрғындар саны күннен-күнге артуда. Вирус жұқтырғандар қызу оңайшылықпен түспейтініне, құрғақ жөтел қысып жатқанына шағымдануда. Бұл – Гонконг тұмауының белгілері.

Сурет: istockphoto.com
Жалпы тұмаудың негізгі төрт типі бар: А, В, С, D.
Оның ішінде ең көп тарайтыны – A және В вирусы. Гонконг тұмауы – А вирусының бір штамы. Нақтырақ айтқанда – H3N2 вирусы. Облыстағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған науқастардың бұл вирусты жұқтырғандары расталды. Дерт айқын клиникалық көрініспен сипатталады және балаларда, жүкті әйелдерде және созылмалы аурулары бар науқастарда асқынулар кездеседі. Бұл вирус қыс мезгілі басталғанда өршиді.
Гонконг тұмауының әдеттегі ЖРВИ-ден айырмашылығын салыстырсақ. Алғашқы белгілерінің ұқсастығына қарамастан, симптомдары мен қаупі бойынша бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. H3N2 вирусын жұқтырғаннан кейін белгілері бірден байқала бастайды. Науқастың дене қызуы көтеріліп (39-40°C), құрғақ жөтел күшейіп, әлсіздік басады. Мұрны бітеледі. Қол-аяғы қалтырап, бұлшықеттер мен буындары сырқырап, басы, көзі де ауырады. Өкпенің қабынуы да ықтимал.
Ал ЖРВИ (кәдімгі тұмау) белгілері біртіндеп басталады. Дене қызуы орташа деңгейде болуы мүмкін немесе температура мүлдем көтерілмейді. Мұрыннан су ағып, тамақ қышиды, науқас жиі түшкіреді. Кей жағдайда дене температурасы 38,5°C-қа дейін көтеріліп, жүрек айнитын жағдайлар кездеседі.
H3N2 тұмауының клиникалық ерекшеліктеріне тоқталсақ. Вирус тез таралады. Әсіресе балалардың тыныс алу жүйесінде асқынулар жиі кездеседі. Созылмалы аурулары бар науқастарда дерт өршуі мүмкін. Денсаулығы бойынша қауіп-қатер тобындағы науқастар тұмауға шалдықса, вирусқа қарсы терапияны уақтылы бастау үшін дәрігерге қаралу қажет.
«Жедел жәрдем» қызметіне қай кезде жүгінген жөн?
Егер:
* Дене температурасы 38,5°C-тан жоғары болып және ол 48 сағаттан астам уақыт бойы түспей тұрса;
* бала тамақ, су ішуден бас тартып, бірнеше сағатқа немесе бірнеше күнге созылған ұйқы секілді летаргиялық күйде болса;
* тыныс алу жеткіліксіздігінің белгілері болған жағдайда. Дем жетіспесе немесе демалғанда ысқырықты (свистящие хрипы) дауыс шықса;
* Денеде құрысулар байқалса;
* Кеудеде ауырсыну белгілері пайда болып, ентігіп қала берсе;
* Ем-дом қабылдаса да денсаулығы нашарласа;
Балалар мен жүкті әйелдерде, 60 жастан асқан тұрғындар мен созылмалы сырқаттары бар науқастар қауіп-қатер тобына
жататындықтан, тұмаудың белгілері болса, учаскелік дәрігерге тексерілгені абзал.
Алдын алған өкінбейді
* Тұмауға қарсы вакцина – ең тиімді шара. Екпе аурудың асқыну қаупін азайтады.
* Қол гигиенасын сақтау. Тұмау, ішек инфекциялары, вирустар мен бактериялар сияқты жұқпалы аурулардың таралу қаупін айтарлықтай төмендететін қарапайым үрдіс.
* Бөлмелерді желдету және ауаны ылғалдандыру – вирустық бөлшектердің концентрациясын азайтады.
* Адамдар көп жиналатын жерлерде және науқастармен қарым-қатынас кезінде тұмша кию.
* Вирустардың белсенді айналымы кезеңінде адам көп жиналатын орындарға бармаңыз. Мүмкіндігінше түшкіру немесе жөтелу сияқты ауру белгілері бар адамдармен байланысты шектеңіз.
* Кез келген адам ауруға қарсы күресетін иммунитетін төмендетіп алмас үшін жеткілікті ұйықтап, дұрыс тамақтанып жүргені абзал.
Ата-аналардың қаперіне!
Егер ұл-қызыңыз ауырып қалса, отбасындағы сау балалармен байланысты уақытша шектеңіз. Науқастың дене температурасын үнемі өлшеп, сусынды көп мөлшерде беріңіз. Дәрігер ретінде айтар тағы бір кеңесім, науқасты өз бетіңізбен антибиотиктермен емдемеу қажет. Егер оның денсаулығы нашарласа, бірден учаскелік дәрігерге хабарласыңыз немесе «Жедел жәрдем» шақырыңыз. Дәрігердің кеңесіне уақтылы жүгіну, дерттің алдын алу және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау – аурудың асқыну қаупін азайтады.
Дергүл Ағаділова,
облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары,
облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс инфекционисі,
жоғары санатты инфекционист дәрігер
Гонконг тұмауы мен жіті респираторлық вирустық инфекцияға (ЖРВИ)
шалдыққан науқастар саны
(1 қазан – 25 қараша аралығында)
Гонконг тұмауы
(H3N2 вирусы) – 65 науқас
ЖРВИ – 34 040
(14 жасқа дейінгілер арасында – 23 779,
1 жасқа дейінгі сәбилер – 335
Жүкті келіншектер – 44, қалғандары ересектер)
Статистикалық мәлімет БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың баяндамасы негізінде дайындалды.