Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн халықаралық акциясы аясында «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қоғам дамуындағы әйелдің рөлі» тақырыбында мазмұнды ой-талқы өтті. Жиынға түрлі сала басшылары, мамандар, полиция өкілдері, ардагерлер, көпбалалы аналар және қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Ой-талқының форматына сәйкес қатысушылар ерекше белсенділік танытып, пікір алмасу қыза түскенін айта кетелік. Мұның өзі қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көтеріп, пікір алуандығы арқылы ортақ шешім іздеуді мақсат еткен шараның тиімді өткенін көрсетті.

Өз кезегінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Нүркен Сабиров қазіргі қоғамдағы гендерлік теңдік, кітапхана саласындағы әйелдер санының басымдығы және ер азаматтардың рөлі жөнінде мазмұнды ой қозғады. Ол мансаптық өсу мүмкіндігінің шектеулілігі ерлердің бұл салаға қызығушылығын төмендететінін айтып, алайда болашақта бұл жағдай өзгеруі ықтимал екенін де атап өтті. Сондай-ақ ер мен әйел бірін-бірі толықтыруы қажет екенін, бірін-бірі төмендету немесе мойындамау қоғамға да, отбасыға да зиян тигізетінін жеткізді. Әйелдер құқығын насихаттайтын әдебиеттермен жұмыс істеуде сақтық қажет екенін де ескертіп, интеллектуалдық деңгейде өрілген ойларын ортаға салды. Аудандық "Ару әжелер" тобының белді мүшесі Қалампыр Айтжанова да әйелдің қоғамдағы көпқырлы міндетіне тоқталып, «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсілге сүйеніп, әдемі ойларымен бөлісті. Ал аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы Жандарбек Исқақов әйелдердің қоғамдық белсенділігін бағалай отырып, отбасы ішіндегі ер мен әйелдің өзара құрметінің әлсіреуі бірқатар проблемаларға себеп болып отырғанын және айтты. Полиция мен әскери салаларда әйелдер саны аз болғанымен, әсіресе психолог секілді мамандықтарда әйелдердің кәсіби қабілеті жоғары бағаланатынын жеткізді. М.Мәметова атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бибігүл Бектелеуова білім саласындағы әйел педагогтердің балалардың тәрбиесі мен тұлғалық қалыптасуына қосып жүрген ерекше үлесін де атап өтті. Сонымен бірге білім беру ұйымдарында ер ұстаздар қатарын көбейту де уақыт талабы екенін айтты.

Аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры Аңсарбек Салахадинұлы қазіргі қоғамда отбасы институтын нығайтуға бағытталған жұмыстармен бөліссе, орталықтың заңгері Мөлдір Нұрмағанбетқызы әйелдердің құқықтық көмекке жүгінгенде жиі жолығатын кедергілерді атап, тиісті заңнамалар жөнінде түсіндірме берді. Ол өзінің кәсіби тәжірибесінен ерекше бір жағдайды мысалға келтіріп, құқықтық ағарту жұмыстарының маңызын да атап өтті.
Шара барысында қатысушылар отбасындағы әйелдерге түсетін әлеуметтік және эмоционалдық жүктемені азайту жолдары, әлеуметтік мәртебесін көтеру, қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі дәстүрмен қазіргі заман талаптары арасындағы өзгерістер хақында жан жақты ой бөлісіп, кеңінен әңгімеледі.

Айта кетелік, ой-талқының шымылдығы бейнешолу мен әлеуметтік сауалнама көрсетілімінен басталып, соңында қатысушыларға арналған қызықты тапсырмалармен қорытындыланды.
Нұрай Таубай,
Бөкей ордасы ауданы