Бүгін «Алтын орда» мәдениет үйінде «Әжелер – ән мен жырдың арқауы» атты облыстық фестиваль өтті. Облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, облыстық ардагерлер кеңесі, мәдени-ағарту бірлестігі және “Интеграл” жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға көрермен көп жиналды.

Мәдени шараның салтанатты ашылуында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева құттықтау сөз сөйлеп, бұл фестивальдің Тәуелсіздік күні қарсаңында алғаш рет облыс көлемінде ресми түрде өткізіліп отырғанын атап өтті.

– Фестивальдің басты мақсаты – қазақ халқының бай мәдениетін, салт-дәстүрін кеңінен насихаттап, оны жас ұрпаққа жеткізу, сондай-ақ ұмыт бола бастаған халық әндерін жаңғырту. Қазақтың тарихында ата мен әженің орны әрқашан бөлек. Әжелеріміздің жүрек жылуы мен мейірімі талай ұрпақты тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сол асыл дәстүрдің жалғасын бүгінгі әжелеріміз дәріптеп келеді. Жаһандану заманында өз болмысымызды жоғалтпай, жұтылып кетпеуіміз үшін ұлттық мәдениетіміз бен дәстүріміз басты тірегіміз болмақ. Ұлттық мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған мұндай бастама алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасын табады деген сенім мол, – деді Гүлжанар Шөкеева.

Фестивальге 11 аудан мен Орал қаласынан 3 әжелер ансамбльдері қатысты. Кезек кезегімен сахнаға көтерілген әжелер ұлттық рухты асқақтатып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сан ғасырдың сазын сақтаған халық әндері мен тұрмыс-салт жырлары әуелеп, көрерменге әдемі әсер сыйлады. Ұмытыла бастаған халық әндерін қайта жаңғыртқан әжелер сырлы да, салмақты әуезімен көпшілікті баурап алды. Көрермен халық әндерін әжелермен қосыла шырқады.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген дала тарихындағы аналар мен әжелердің орны ерекше екенін атап өтті.
– Ұлы даланың даналарын ақ бесікте тербетіп, кіршіксіз мейірімге шомылдырған парасатты аналарымыз бен әжелеріміздің табиғатпен, тарихпен үйлескен тәлім-тәрбиесіне тең келер дүние жоқ. Мұны әже бауырында еркелеп өскен әрбір азамат жақсы біледі. Әже - әулеттің анасы, отбасының ұйытқысы, береке мен бірлікті, еңбек пен тірлікті үйлестіретін тұлға. Үрім-бұтағына ұлттық дәстүрді ұлықтайтын да әжелер. Жеті ата аманаты, қан мен жан тазалығы әже тәрбиесінің арқауы – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген.

Бұл күн – тек өнер мерекесі ғана емес, халық мұрасын ұлықтаудың, ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың айқын көрінісіне айналды. Фестиваль соңында барлық қатысушы ансамбльдер арнайы аталымдар бойынша марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.
Гүлжамал Жолдығали
«Орал өңірі»