Сырым ауданында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақиық ақын Қадыр Мырза Әлидің туғанына 90 жыл, Ұлы Жеңіске 80 жыл толуына және 5 желтоқсан — Халықаралық еріктілер күніне арналған облыстық туристік слет пен ұлттық ойындар сайысы басталды.

Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан шараны ұйымдастырушы – Батыс Қазақстан облысы жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы. Табиғат пен тарихты, салт-сана мен салауатты өмірді насихаттайтын слетке қатысуға Қазталов, Жаңақала, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарынан жастар келуде.

Қонақтарды Сырым жұрты ақ дәммен, ұлттық әнмен қарсы алып, оларды Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейімен таныстырды. Қатысушылар Қадыр ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Жарыстың салтанатты ашылуында Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Серік Тоқмамбетов сөз сөйлеп, сәттілік тіледі.

Екі күнге созылатын сайыс бағдарламасында құзға өрмелеу, мәнерлеп оқу, сурет салу, бес асық, ләңгі тебу, өткелдерден өту, қымыз ішу, садақ ату, аударыспақ, футбол сынды спорттық және шығармашылық бағыттағы жарыстар қамтылған.
Қоңдыкер Жеңісұлы
Сырым ауданы