10.12.2025, 16:00
Оқылды: 48

Тасқала ауданы: Ғасыр жасаған ардақты ана

Ел басына күн туған сұрапыл жылдардың салмағын иықтарымен көтерген тыл ардагерлерінің қатары бүгінде сиреп барады. Сол бір ауыр дәуірді көзімен көріп, ел-жердің бүтіндігі үшін маңдай терін төккен жандардың әрқайсысының өмір жолы – тұнып тұрған тарих, тағылым мен тәрбие. Осындай елге қадірлі абыздардың бірі биыл жүз жасқа толғалы отырған Жібек әжей.

3

Жібек әжей 1925 жылы 5 желтоқсанда қазіргі Батыс Қазақстан облысы аумағында, қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келеді. Әкесі Мырзағали мен анасы Ханшайым екі қыз тәрбиелеп өсірді. Жібек– тұңғышы, өзінен кейінгі сіңлісі Үміт.

Балалық шағы тәтті еркелікте емес, жоқшылықтың, қиындықтың, ел тұрмысының ауыр кезеңінде өтті. Әкесі ерте өмірден озып, бар ауыртпалық анасының иығына түсті. Тағдыр теперішіне мойымай, Жібек әжей бесіктен белі шықпай жатып колхоздың қара жұмысына араласты. Күннің аптап ыстығына да, қарлы боранына да шыдап, еңбекпен есейді.  1942 жылы елдегі ер-азамат түгел дерлік майданға аттанған шақ. Сол кезде ауылдағы жас қыздарды Қарағанды шахтасына жұмысқа алып кетеді. Оның ішінде Жібек әже де бар. Ол кезде небәрі 16–17 жаста ғана болатын. Қарағанды шахтасында жер астында күніне 10–12 сағат жұмыс істеді. Қара жұмыстың қазанында қайнап, төзім мен жігердің қандай болатынын сол жылдары түйсінді. Жүрекке салмақ салған ауыр күндер оның тағдыр жолын шыңдап, қайсарлыққа тәрбиеледі. Соғыс аяқталып 1946 жылы ауылға оралады. Содан қайтып Қарағандыға аяқ баспайды.  1947 жылы Дүйсенғали есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, 1949 жылы тұңғыш қызы Ақкербез дүниеге келеді. Кейін Ерсайын, Құсайын, Ерболат, Нұрболат, Жанболат деген бес баланы өмірге әкеледі. 1950 жылы отбасы 1 Шежін ауылына қоныс аударады. Жібек әже ауылда әр салада еңбек етіп, қарапайым жұмысшыдан зейнеткерлікке дейінгі жолды абыроймен өтті. Еңбектегі табандылығы, адалдығы кейінгі ұрпаққа үлгі. Алайда тағдырдың басқа салғаны жолдасы Дүйсенғалиден ерте айырылып, бес баланы жалғыз өзі өсіруге тура келді. «Өмірдің қиындығы адамды шыңдайды» демекші, ауырлыққа мойымай, бала-шағасының болашағы үшін аянбай еңбек етті. Қайраткер әйелге тән төзім мен шексіз мейірім оның ең үлкен күші болды. 1983 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі ғұмырын ұрпағының қызығына арнады. Бүгінде бір қыз бен бес ұлдың анасы, 13 немеренің, 4 жиеннің, 17 шөберенің және 20 жиеншардың ардақты әжесі. Бұл бір ғасыр жасаған адамның артына қалдырған үлкен байлығы, өшпес мұрасы.

WhatsApp Image 2025-12-10 at 15.23.48

Қазіргі таңда Жібек әжей  тұңғышы Ақкербезбен бірге 1 Шежін ауылында тұрып жатыр. Көпті көрген, талай белесті бағындырған, тағдыр сынынан сүрінбей өткен ақжаулықты әже ауыл-аймаққа сыйлы, қадірлі, ардақты қария. Бір ғасыр  бір адамның өмірінде сирек кездесетін, тағдырдың тартуы. Әжейдің жүз жылдық ғұмыры ел тарихымен тамырлас, ұлт қайсарлығымен үндес. Жүз жылдық шежіресінің әр парағы  еңбек, төзім, ана жүрегінің мейірімі, елге деген адалдық. Ол көрген жоқшылық та, соғыс та, тылдағы ауыр еңбек те  бүгінгі бейбіт күннің қадірін терең түсіндіріп тұратын тағылым.

Жібек әжей елдің біртуар анасы, ғасыр жасаған абыз қария, тыл еңбеккері. Оның өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін үлгі, тарих үшін баға жетпес естелік. Ғасыр жасаған әжейді құттықтай отырып, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ұрпағының қызығын көре беруді тілейміз.

«Біз әкемізден ерте айырылдық. Сол кезде мен үйдің үлкені ретінде оныншы сыныпты аяқтап жүрген едім, ал менен кейінгі бауырларымның бәрі меннен кіші, қамқорлықты қажет ететін балалар болатын. Әкеміз дүкенші болып еңбек етті. Ол кісі дүние салғаннан кейін, оның артында қалған жауапкершілік өзіме жүктелді. Сөйтіп, әкемнің орнына дүкенге жұмысқа орналасып, анама қолғабыс болдым. Артымнан ерген бауырларымды оқытып, жетілдіру де мойнымдағы парызға айналды. Анамыз сол жылдары совхоздың ауыр жұмысына жегіліп, таң атқаннан күн батқанға дейін тынбай еңбектенетін. Мен де күнұзақ дүкенде жұмыс істеп, отбасының нәсібін табуға тырыстым. Үйде бізге әкеміздің анасы қарасып, кішкентайларды тәрбиелеуге барынша көмектесті. Біздің арқа сүйер туысымыз көп болмады. Әкеміздің төрт қарындасы бар еді, олардың барлығы қазіргі Мерей ауылында тұратын. Алайда, өз шаңырағымыздағы ауыртпалықты өзіміз көтеруге тура келді. Анамыз бізге ең алдымен еңбекқор болуды, ешкімнен кем түспей өмір сүруді, әркімнің біреуден емес, өз маңдай терінен несібе іздеуді үйретті. Әкеміз өмірден өткеннен кейін оның орнын жоқтатпай, біздің бәрімізді аяқтан нық тұрғызуға бар күшін салды.

5 (3)

Інілерім мектеп бітіріп, әскерге барып, Отан алдындағы борыштарын өтеп келді. Барлығымыздың жеке-жеке шаңырақ құрып, өз жолымызды табуымызға анамыздың еңбегі мен жігері себеп болды. Алты баланы жеткізу  екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Біздің анамыз дәл сондай қайсарлықтың, төзім мен мейірімнің үлгісі дер едім. Оның жанкешті еңбегінің арқасында ештеңеден тарықпай өсіп, өмірдің талай сынағынан сүрінбей өттік. «Баласы жақсы болса, анасы бақытты болады» деп бекер айтылмаған ғой. Біз анамыздың сөзіне құлақ түріп, көңіліне қаяу түсірмеуге тырыстық. Мүмкін, оның бүгінге дейін аман-есен отыруының сыры да осы шығар.Біз үшін ол – ең мықты, ең қадірлі жан. Оның берген тәрбиесі өмірлік бағдаршамымызға айналды»,-дейді тұңғышы қызы Ақкербез апа.

Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале