Облыста жүзеге асып жатқан «Қаладан ауылға» бағдарламасының басты мақсаты – жастардың ауылдың аграрлық, мал шаруашылық мүмкіндігін пайдаланып, шекаралық аймақтарға тамыр тартып орнықтыру. Ауылдан табыс, өмірден өз орнын тауып кетуі. Жобаға жан бітіретін, үлгі ретінде көрсететін – маңдай терімен жерден нәпақасын тауып, өмірін ауылмен өрген еңбеккерлер. Солардың бірі – Жәнібек ауданының тумасы, өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болар азамат Рахметолла Насенов.

Рахметолла Қалиахметұлы1955 жылдың 11 желтоқсанында Жәнібек ауданының Свердлов селолық советінде дүниеге келген. 1962 жылы Свердлов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, оны 1972 жылы бітіріп шығады. Мектептен кейін қалаға кетуді емес, туған жерінде қалып, еңбекке араласуды таңдайды.
Еңбек жолын 1972 жылы Свердлов кеңшарында ветсанитар болып бастаған жас маман небәрі екі жылдан кейін, 1974-1976 жылдары әскери борышын өтейді. Әскерден оралған соң 1977 жылы жылқышының көмекшісі, 1978-1979 жылдары шофер болып еңбек етеді. 1982 жылға дейін мал бордақылау пунктінде жұмыс істеп, содан кейін өмір бойы жылқышы болды.
1982 жылдан бастап Свердлов атындағы кеңшарда аға жылқышы болып, кейін сол кеңшар негізінде құрылған кооперативте де осы қызметін 2008 жылы таратылғанға дейін жалғастырды. Әкесі Қалиахмет Насенұлы да «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған жылқышы болатын. Рахметолла Калиахметұлы жылқы баққанда шығын да болған емес, жауапкершілігінің арқасында ұры-қарыдан да аман болды деп қатар жұмыс жасаған жандар бүгінге дейін айтады. Жақсыбайда жылқы жеті жүз елу басқа дейін жеткен кездер болды.
Жылқышының өмірі тек жаймашуақ көктем, жайлы жазбен шектелмейтіні белгілі. Қалың боранда қапталған қамыстың арасында түн қатып жылқы іздеген сәттері де аз болмаған. Рахаң – жершіл, ой мен қырды жатқа білетін жан. Жол көрінбей, бағыттан жаңылған шақта жылқыны өзі қопаға бастап шығып, ертеңінде аман-есен табылғаны туралы замандастары әлі күнге жыр қылып айтады. «Ондай боранда адам да, мал да қырылып қалады деп ойладық. Ертеңінде жылқысы да түгел, өзі де дін аман болып шықты» дейді ауылдастар. Бұл – қайсарлық пен дала заңын терең түсінген шеберліктің көрінісі.
Кеңшарлар мен совхоздар тараған қиын кезеңде көпшілік абдырап, қай тарапқа бет бұрарын білмей жүргенде де, Рахметолла Калиахметұлы кооператив құрамында соңына дейін жұмыс істеп, шаруашылық толық таратылғанша еңбегін аяған жоқ. Өз пайдасын ғана күйттеп, техника мен малды жеке пайдасына бұруға тырысқандар да болған уақыт еді. Сол тұста ол: «Не істесек те, халықпен бірге, адал істейік» деген ұстанымынан айнымады. Сол үшін де ел арасында сыйлы.
2008 жылдан кейін пай үлесін алып, отбасымен бірге жеке шаруасын жолға қоя бастады. 2016 жылы ресми түрде жеке шаруа қожалығын құрып, бүгінде сол қожалықпен айналысып отыр. Мал басын көбейтіп, атакәсіптің тізгінін ұрпаққа аман тапсыруды мақсат еткен әулет үшін бұл – табиғи әрі заңды жалғастық. Қандай қиындық болса да, «жетпейді, болмай жатыр» деп шағынбай, барын ұқсатып, шаруасын үйлестіріп отырған жандар.
Еңбек жолында көрсеткен үздік нәтижелері үшін бірнеше мәрте марапаттарға ие болған Рахметолла Калиахметұлы 2024 жылы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төс белгісі және II дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен марапатталды. Алайда өзі бұл марапаттарды көп ауызға алмайды, атақ-даңққа жүгіріп, мақтануды ұнатпайтын, еңбегін алға тартпайтын өте қарапайым адам.
Рахметолла ағайдың зайыбы Гүлсара да – малшы әулеттен шыққан, еңбекпен шыныққан жан. Екі жақтың да ата-анасы бүкіл ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған. Сол өнеге бүгін де жалғасып келеді. Ерлі-зайыптылар бір қыз, екі ұл өсіріп, бүгінде немере-жиендерінің қызығын көріп отыр. Балалары қалада білім алып, әрқайсысы өз отбасын құрған. Ата-анасы оларға үй алып беріп, оқытып-тоқытып, өмірге жолдама берген. Соған қарамастан, Рахметолла мен Гүлсараның өздері ауылда тұрып, малдың басында, қожалықтың қасында жүргенді жөн көреді. Қалада үйлері болса да, жүрегі ауыл деп соғатын жандар.
Бұл отбасының қонақжайлығы бөлек әңгіме. Малшылар да, аңшылар да, сырттан келген қонақтар да аялдайтын жер іздесе, алдымен осы үйдің отын қарайды. Дастарқан әрдайым жайылып, қонаққа құшақтары ашық. Ауыл тойларында, басқосуларда Рахметолла ағай домбыра мен баянды кезек алып, ән шырқап, елдің көңілін көтеріп жүреді. Жастау кезінде күреспен шұғылданып, жарыстарға қатысатын. Кейін бір ұлы палуан атанып, облыстық деңгейден көрініп жүрді. Бұл отбасының баптаған бәйге аттары талай жүлдені алды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз өнері мен өнегелі ісі қатар өрілген осындай азаматтарға арналып айтылса керек.
Бүгінде Рахметолла Калиахметұлы – ауылдың абыз ақсақалдарының бірі. Әкімшілік ұйымдастырған қоғамдық жұмыстарға, ардагерлер кеңесінің ісіне белсене араласып, демеушілік көрсетіп, қажет жерде ақылын айтып, жастарға демеу болып жүреді. Ауыл шаруашылығы – ең ауыр салалардың бірі, оны жүрекпен түсінетін жандар некен-саяқ. Осындайда бүкіл саналы ғұмырын ауылға арнаған, ұрпағын да еңбекпен тәрбиелеген отбасылардың тәжірибесі «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында жастарға тірі мысал, нақты бағыт-бағдар бола алады.
Қаладан жайлы жұмыс пен дайын инфрақұрылым іздеген заманда шалғайдағы шағын ауылда жүріп-ақ өмірін мәнді де мағыналы еткен, даланың заңын да, шаруаның жөнін де терең білетін, елге сыйлы еңбек адамын үлгі етпесек, кімдерді үлгі етеміз? Жетпіс жасқа толып отырған Рахметолла Калиахметұлы мен Гүлсарадай қарапайым да қанағатшыл, еңбекқор жандар барда ауылдың оты өшпейді, несібесі де сарқылмайды.
Өтеғали Хакимов,
Орал қаласының тұрғыны