11.12.2025, 17:00
Оқылды: 13

Бизнес үздіктері  анықталды

Орал қаласындағы Қадыр  Мырза  Әли  атындағы  мәдениет  және  өнер  орталығында  бизнестің  әлеуметтік  жауапкершілігіне  арналған  «Парыз –  2025»  байқауының  өңірлік  кезеңін  қорытындылау  рәсімі  өтті.  Салтанатты  іс-шараға  бизнес  өкілдері,  қоғамдық  ұйымдар  мен  мемлекеттік  құрылымдардың  басшылары  қатысты.

парыз (3)

«Парыз» байқауы жыл сайын аймақтық және республикалық деңгейде ұйымдастырылып келеді. Оның басты мақсаты – кәсіпкерлік субъектілерінде әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін нығайту, өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосатын бастамаларды қолдау, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Қаюпов сөз алып, өңір кәсіпорындарының соңғы жылдардағы жетістіктеріне  тоқталды.

– Біздің кәсіпкерлік субъектілері республикалық деңгейде бірнеше рет үздіктер қатарынан көрінді. Мәселен, 2019 жылы «Ақсайгазсервис» АҚ «Үздік ұжымдық келісімшарт» аталымында бірінші орынды иеленсе, «Орал саудаөнеркәсіп компаниясы» ЖШС экология саласындағы еңбе­гі үшін жеңімпаз атанды. 2021  жылы бас жүлде «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясының  Қазақстан филиалына берілді. 2022 жылы «Қазбұргаз» АҚ еңбек қорғау ісі бойынша үздік деп танылды, «Czech Camp» ЖШС ұжымдық келісімшарт аталымында екінші орынды, «Жайық-мұнай» ЖШС  экологиялық жобасы үшін үшінші орынды иеленді. 2023 жылы «Орал трансфор­матор зауыты» ЖШС ұжымдық келісімшарт бағытында  бірінші орынды, «OHSE-KBARYS» ЖШС экологияға  қосқан үлесі үшін алтын статуэтканы қанжығасына байлады. Биылғы облыстық кезеңге 22 кәсіпорыннан 24 өтініш түсті, – деді Тілепберген  Қаюпов.

Байқау бірнеше аталым бойынша ұйымдастырылды. «Ең үздік әлеуметтік жауапкершілігі бар кәсіпорын» аталымына шағын және орта бизнес субъектілерінен 13 өтініш түсті. Ірі кәсіпорындар арасындағы жеңімпаз – «Орал саудаөнеркәсіп компаниясы» ЖШС, ал шағын және орта кәсіпорындар ішінде «Теректі» шаруа қожалығы үздік деп танылды. «Орал саудаөнеркәсіп компаниясының» өкілі Нұргүл Жарасова экологиялық  жобасының жоғары бағалануы кәсіпорын үшін үлкен  мәртебе  екенін  айтты.

– Біз ұсынып отырған жоба – екінші рет өңделген шикізаттан полиэтилен гранулаларын өндіру. Сол гранулалардан жасалған пленка бау-бақша шаруашылығында, суару жүйелерінде, құрылыс саласында кең қолданыс табуда. Өніміміз сертификатталған, барлық талапқа сәйкес келеді, тамақ өнеркәсібінде  де қауіпсіз. Қазақстанмен қатар шетелде де сұраныс артып келеді, – деді ол.

«Ең үздік еңбек қорғау кәсіпорны» аталымында ірі кәсіпорындар арасынан «QHSE-AKBARYS» ЖШС, ал шағын және орта бизнестен «NOVATEQ GROUP» ЖШС жеңімпаз атанды. «Үздік ұжымдық келісімшарт» аталымында ірі кәсіпорындар арасында – «Орал «Зенит» зауыты» АҚ, шағын және орта кәсіпорындар арасында «Әжікей» шаруа қожалығы көш бастады.

«Зенит» зауытының бас директоры Қыдыржан Мұқанов кәсіпорынның тарихына тоқталып  өтті.

– Зауыттың аты тек өңірде ғана емес, елімізден тыс жерлерде де белгілі. Мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын  орындау – біздің негізгі міндетіміз. Қазіргі кезде зауытта 700-ге жуық адам еңбек етеді. Биыл кәсіпорынның құрылғанына 84 жыл толды. Біз кезінде Отан соғысының Бірінші дәрежелі орденімен марапатталған Ворошилов зауытының дәстүрін жалғастырып келеміз. Сол тәжірибені сақтап, ұрпақ сабақтастығын нығайту – біздің басты қағидатымыз, – деді ол.

«Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында ірі кәсіпорындар арасында – «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» Қазақстан филиалы, шағын және орта кәсіпорындар арасында «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС жеңіске жетті. Ал республикалық кезеңде облыс атынан қатысқан «САИ-орталығы» қоғамдық қоры экологиялық жобасы үшін бірінші орынды иеленді.

Салтанатты іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Т. Қаюпов «Парыз» байқауының қоғамдағы рухани-адамгершілік мәніне назар аударды. Оның айтуынша, бұл жоба кәсіпорындардың тұрақты дамуына, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға ықпал  етеді.

Жиын жеңімпаздарды марапаттаумен аяқталып, барлық қатысушыға өңірдегі әлеуметтік жауапты бизнестің дамуына қосқан үлесі үшін  алғыс  білдірілді.

Аружан Болатбекқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале