25.01.2017, 12:51
Оқылды: 52

«Барымташылар» малды мылтықпен атып алуда

taypak  Бұл жайлы тұрғындар Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың Алмалы және Тайпақ ауылы халқымен кездесуінде айтты.

  Мал ұрлығына қарсы жұмылып қарымды қимыл жасамаса болмайды. Бүгіндегі «барымташылар» ұзақ уақыт қараусыз жүрген малды мылтықпен жайрататын болған.


  Ауданның Көнеккеткен ауылында кооперативтің ісін дұрыс жолға қою арқасында түлікті түгел аман сақтауда. Осындай тәжірибеге ден қойылуы керек. Тайпақта кооперативтер құру, бойдақ малды бөлек бағу жөнінде жоспар тұрғындарға жан-жақты ұғындырылуда.

  Аудан әкімі ауылдардың білім, медицина, мәдениет мекемелерінде болды. Бұл ұжымдармен жүздесулерде ұзатпай шешімін табуы тиіс біраз мәселе айқындала түсті. Айталық, Тайпақтағы Қ.Байсықов атындағы мектептің акт залына жөндеу керек.  Аудан басшысы Тайпақтағы мәдениет үйіне жиһаз, сахналық жабдықтар секілді қажеттерін де қаперге алды.

  Жұрттың баяғы бір қағаздармен алысқа жүгіруін қайткенде азайтуға болады? Тайпақта осы сұрақ көтерілді. Нотариус жақын жерде болса дейді олар. Қазір заңгерлерді табу қиын емес, демек әрекет керек.

  Елді мекендердің көріктендірілуі күн тәртібінде өткір тұр. Ә.Жоламанов осыған қатысты нақты беталысты қадап айтты. Бұдан былай тиісті қаржы ұтымды жобасы бар ауылдарға бөлінеді.

  Алмалы мектебінің мұғалімі Болат Өтешов білім ордасының көлікке мұқтаждығын жеткізді. Еңбек ардагері Күләш Өтеулі тәртіпті нығайтуды, үйден арақ сататындарды тыюды сұрады. Сондай-ақ бала-шағасымен көшіп жүрген ауылдағы полиция өкіліне тұрғын үй қажеттігін айтты. Шабдаржап ауылшаруашылық кооперативінің төрағасы, Рашид Илиясов Тайпақ ауылында жылына бірнеше жаңа үй салынатынын, бірақ оларға жер газ желісінен алыстан берілетінін айтты. Ауыл ішінде ыңғайлы учаскелер жоқ емес, осы жағын ойластырған абзал.

Бекем Бекұлы

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале