Орал қаласындағы Циолковский көшесіндегі №1 тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерде өрт шыққан еді. Қатты қысыммен жарылған газ балконды да құлатып жіберген. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде тілсіз жаумен арпалысқан өрт сөндірушілердің ерлігі кең тарап кеткен. Алапат өрт кезінде аман қалған облыстық төтенше жағдайлар басқармасының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, сержант Қуаныш Тілешевпен аз-кем тілдескен едік.

Бейнероликке анықтап қарасақ, жарылыс болған балкон ішінде өрт сөндіруші Қуаныш Берікұлының қалып кеткенін байқаймыз. Абырой болғанда күштік құрылым қызметкерлері де, тұрғындар да дін аман. Қаһарман Қуаныштың жасы 30-да. Ол – Жаңақала ауданының Мәстексай ауылының тумасы. Бала күнінен адамдарға жәрдемдессем ғой деген кісілік көңілі оны осы салаға жетелеп әкелді. Бүгінде оның өрт сөндіруші болып еңбек етіп келе жатқанына 10 жылдан асқан. Беріктің Қуанышы «Адам жанына араша болып, қауіпке бірінші болып қарсы тұру азаматтық борышымыз» дейді.
– Біз әдеттегідей дабыл бойынша оқиға орнына шұғыл жеттік. Өрттің қарқынына зер салғанда жағдайдың аса күрделі екенін аңғардық. Пәтер терезесінен будақтаған қою түтінді көріп, жиһаздар мен жеке заттар жанып жатқан шығар деп ойладық. Айналадағы адамдардың бәрі дүрбелеңге салынды. Уақытты көп оздырмай, жедел шешімге келдік. Сөйтіп баспа арқылы балконға қарай көтеріліп, міндім. Ондағы ойым жарылу қаупі бар құрылғыларды өшіріп, газ жүйесін өрттен сақтау. Әрине, басты міндетіміз – қызыл жалын арасында қалған адамдарды құтқару. Алдымен өз қауіпсіздігімді ойлап, оқыс оқиға кезіндегі сақтық шараларын орындауға дайын болдым. Дәл сол мезетте өрт «гүмп» етті. Осыдан соң тағы жойқын өрт толқыны боларын сезіп, балкон ішіне жатып қалдым. Санаулы ғана секундтан соң ойымның қате еместігін түсіндім. Екінші толқыны қатты болды. Кейін бойымды тіктесем, жарылыстан терезе жақтаулары бірнеше метрге ұшып кетіпті. Тілсіз жауды толық ауыздықтап, жұмыс орнымызға қайттық. Телефонымның қуаты бітіп қалғанын жолда байқадым. Жұмысқа жетсек, әріптестерім абыр-дабыр болып жатыр. Телефонымды қоссам, үйдегі келіншегім, тума-туыс, мені танитын ет-жақынымның бәрі қайта-қайта хабарласып, ала алмапты. Сөйтсем, жарылысты куәгерлер бейнежазбаға түсіріп, желіге, уатсап топтарға салып жіберген екен. Ол бейне оқиға орнынан жұмысқа жетемін дегенше лезде жайылып кетіпті. Осыдан соң менің қал жағдайыма алаңдап, хабарласушылар көп болды. Кейбірі жұмысыма да келіп, көзбе-көз жолығып, алғыстарын айтты. Мен бұл ісімді қаһармандыққа баламаймын. Егер әріптестерім немесе кез келген қазақ азаматы менің орнымда болғанда дәл мен жасаған тәуекелге ойланбай барушы еді, – деді бүгінгінің батыры.

Бүгінде Қуаныш мырза өз әлеуметтік желісін жүргізеді. Оның «Қарапайым өрт сөндіруші» деп аталатын инстаграм парақшасында 18 мыңға жуық оқырманы бар. Өрт сөндірушінің желідегі жазбалары жастарды отансүйгіштікке, өз елінің патриоты болуға үндейді. Өзін қарапайым өрт сөндіруші деп санайтын қаһарман жігітті қолдаушылар да күн санап артып келеді. Жеке хабарламасына хат жазып, желісін тектеп, пікір алаңында ақжарма тілегін жеткізушілер де көп екен. Біз де Қуаныш Берікұлының деніне саулық, отбасына амандық, қызметіне толайым табыстар тілейміз!
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»