Биыл өңірде есірткінің заңсыз айналымы 11%-ға төмендеген. Есірткі сақтау деректері де 23%-ға азайған. Алайда сату деректері керісінше 25%-ға артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс прокурорының орынбасары Азамат Құстанов айтып берді.

Үш наркодүкеннің жұмысы тоқтатылды
Есірткі бизнесі бүгінде анонимді платформаларға ауысып, Telegram арналары мен крипто-
әмияндар арқылы жасырын жүргізілуде. Осыған байланысты құқық қорғау құрылымдары қылмыскерлер пайдаланатын банктік шоттарды дереу бұғаттау тетігін енгізген. Нәтижесінде жыл басынан бері Қазақстанда 2 мыңнан астам, шетелде 8 мыңнан аса есірткіге қатысты қаржы шоттары бұғатталды. Жалпы құны 56 млн теңге болатын 241 шот тәркіленген.
Сонымен бірге синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан 10 астыртын зертхана жойылып, айналымы 40 миллион теңгеден асатын үш интернет-наркодүкеннің жұмысы тоқтатылған.
Құқық қорғаушыларды алаңдатқан басты мәселе – жастар арасында есірткіні қолдану және тарату көп. Соңғы үш жылда өңірде 49 жасөспірім есірткіге байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
– Тек биылдың өзінде мұндай деректер көбейіп отыр. Көбіне жастар, соның ішінде кәмелетке толмағандар оңай ақша табу ниетімен есірткі тасымалдау немесе жасыру («закладка») әрекеттерін жасайды. Мұндай қызмет үшін заң бойынша 5 жылдан 20 жылға дейін жаза қарастырылған. Биыл Орал қаласында аса ірі көлемде психотроптық зат сатқан кәмелетке толмаған жасөспірім жеті жылға сотталды. Бұл – жағдайдың қаншалықты күрделі екенін көрсетеді, – деді облыс прокурорының орынбасары өз баяндамасында.
Дроппер деген кім?
Ол – қылмыстық схемаларға өз банк картасын немесе жеке деректерін беретін адам. Облыс прокурорының орынбасары А. Құстановтың мәлімдеуінше, жыл сайын есірткі бизнесінде «дроппер» атанған жаңа рөлдер пайда болуда. Бұрын мұндай әрекет үшін нақты жауапкершілік болмағанымен, биыл заңға өзгеріс енгізіліп, Қылмыстық кодекске жаңа бап қосылды. Енді дропперлер бөлек қылмыстың жауапкершілікке тартылып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар азаматтық тәртіппен заңсыз табыс ретінде аударылған қаражатты өндіріп алу мүмкіндігі қарастырылған. Есірткіге қарсы заңнама биыл бірқатар өзгерістермен толықты. Енді есірткі өндіру мен сатуға, әсіресе лауазымды тұлғалардың қатысуына қатысты жаза анағұрлым ауырлайды. Мұндай қылмыс жасағандар мүлкінен және өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оқу орындарында есірткі таратқандарға қатысты жаза қатайтылып, 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруға қатаң санкция енгізілді. Ал есірткі жасырумен, тасымалдаумен айналысатындарға арналған санкция жеңілдетілді, өйткені бұл рөлге көбіне жасөспірімдер тартылатыны анықталған. Сондай-ақ прокуратура «Түсті маршрут» жобасы аясында студенттер арасында жасанды интеллект көмегімен сауалнама жүргізуді бастады. Бұл – тәуекел тобындағы жастарды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Барлық оқу орындарында заңбұзушылықтың салдары түсіндіріліп, нақты қылмыстық істер мысалға келтіріледі. Бұл бағытта жастарға арналған қысқаметражды профилактикалық бейнероликтер тарату жолға қойылған.
Есірткі құқықбұзушылығы үшін 254 адам ұсталды
БҚО полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Абылайхан Серіковтің берген мәліметі бойынша, жыл басынан бері полиция департаменті есірткіге қатысты 249 құқықбұзушылықты анықтаған. Оның 93-і – қылмыс, 156-сы – қылмыстық теріс қылық. Заңсыз айналымнан 258 келіден астам есірткі құралдары тәркіленген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге көп. Telegram арқылы жасырын түрде есірткі сатумен айналысқан үш интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылып, қала аумағында интернет арқылы есірткі таратқан алты адамнан құралған ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді.
– Жыл басынан бері осы бағытта қылмыс жасаған 254 адам ұсталды. Олардың ішінде 26-сы жасырып қоюды әдет қылса, 14-і синтетикалық есірткі таратқан. Ұсталғандардың арасында кәмелетке толмаған үш жасөспірім тіркелді. Интернет кеңістіктегі бақылау нәтижесінде 1709 сайт бұғатталды. Есірткі тарату белгілері бар 16 203 банк шоты анықталып, сот шешімімен 52,6 млн теңгеден астам қаражатқа тыйым салынды, – деп атап өтті облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Абылайхан Серіков.
Халықпен тікелей байланыс орнату үшін WhatsApp желісінде арнайы топ пен сенім телефоны іске қосылған (8-700-399-01-02). Белсенді азаматтар осындай арналар арқылы күнделікті құқықбұзушылықтар жөнінде хабар беріп, нәтижесінде 695 есірткі жарнамасы анықталған.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, есірткі – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның болашағына қауіп төндіретін құбылыс. Статистика оның негізгі «нысаны» көбіне жасөспірімдер мен жастар екенін көрсетеді. Сондықтан құқық қорғау құрылымдарының жұмысы заңды күшейтумен ғана емес, жастардың санасын қорғауға бағытталған кешенді профилактикалық шаралармен жалғасуда.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»