Бүгін
ХХVІІІ Қысқы Дүниежүзілік Универсиаданың Алауы Орал қаласында жағылды. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың бас ғимараты алдында Алау эстафетасы салтанатты түрде ашылып, ән шырқалды, батырлар киімін киген жігіттер би биледі.
Көрермендер назарына ұсынылған шағын көріністе егемен еліміздегі бірлік пен тұрақтылықтың нышаны ретінде түрлі-түсті лентамен көмкерілген шаңырақ пен өзге ұлт өкілдері бейнеленді.
Көріністе ақ тілегін ақтарған кейуана қолынан алынған аманат-отпен екі батыр тұғырға орнатылған ұстын ішіндегі алауды тұтатты.
Сахна төріне көтерілген облыс әкімі Алтай Көлгінов:
– Бүгін – біз үшін тарихи жағдай. Елімізде осындай дүбірлі доданың өтуі – қазақстандықтар үшін зор абырой. Екі күн бұрын Алау эстафетасын бастаған Елбасымыз осы Универсиада – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында баршамызды біріктіретін бүкілхалықтық мерекеге айналады деп сенім білдірді. Универсиадаға қатысатын спортшыларымыз қазір дайындық үстінде. Оларға сәттілік тілейміз. Біздің өңірде салтанатты шараның тарихи оқу ордасында бастау алуы бекер емес. Барша жастарды спортпен шұғылдануға шақырамыз, – деді құттықтау сөзінде.
Кейін Алау қорғаушылары тұғыр үстінде жанған оттан тұтатып берген алауды облыс әкімі Алтай Көлгінов Рио Олимпиадасының жүлдегері, жерлесіміз Екатерина Ларионоваға табыстады. Алау эстафетасын бастаған спортшыға қала тұрғындары дем бере қошеметтеді.
Қазіргі уақытта отызға тарта қатысушы Достық және Еуразия даңғылы бойымен бір-біріне алауды табыстап, эстафета тізбегін салтанатты түрде жалғауда. Эстафетаның алғашқы кезеңі қаладағы мұз айдынында аяқталды.
Түс қайта Мұз спорты сарайынан шыққан екінші топ эстафета алауын Теннис орталығына жеткізді. Сахнаға облыс басшысы Алтай Сейдірұлы мен алауды алғаш қабылдап алған Екатерина Ларионова көтерілді. Одан əрмен залға енген эстафетаға қатысушыларды барша көрермен қошеметпен қарсы алды. Флешмобқа дайын тұрған жастар эстафета жоралғысын аяқтауы тиіс даңқты палуан, самбодан төрт дүркін Әлем чемпионы, алты мәрте Әлем кубогін иеленген Ерболат Байбатыров қақ жарыла жол ашты. Палуан облыс әкімі Алтай Көлгіновке алауды табыс етті. Алауды қабылдаған облыс əкімі бүгін Орал қаласы үшін тарихи күн екенін айта келіп, Алау эстафетасын ұйымшылдықпен өткізгендерге алғыс білдірді. Сонымен қатар, облыс басшысының қасындағы танымал қос спортшы да ізгі лебіздерін жеткізді. Кейін эстафета алауы арнайы ыдысқа салынып, Алматыға жөнелтілді.
Нұртай Текебаев