Бүгін Жаңақала ауданы орталығында тағы бір кәсіпкерлік нысан өз есігін айқара ашты. Заманауи сәні мен дәмі үйлескен “Болашақ” кафесінің ашылу салтанатында алдымен, аудан әкімі Алпамыс Жаңабайұлы құттықтау сөз сөйлеп, ел игілігі үшін тынбай еңбек етіп жүрген Қуаныш Сапаров пен оның отбасына алғысын білдіріп, игі тілегін жолдады. Әрі қарай, шаңырақтың үлкендері, жора-жолдастар да лебізін білдірді.
Биыл құрылған «С-Болашақ» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі – өңірдегі ірі құрылымдардың бірі саналады. Кооперативтің басты бағыты – мал шаруашылығы мен ет өнімдерін өндіру. Яғни мал сою цехы 30-дан астам ауылдасымызды жұмыспен қамтып, қысқа уақыттың ішінде 700-ден астам ірі қара малын өңдеген болатын. Жаңақалалық жамағат “ҚМДБ” сертификаты бар тауарды қолдап, үнемі осы ет-зауытының өнімін тұтынады. Осы істі Жаңақала жұртына сыйлы, отбасына қамқор Қуаныш Сатқалиұлы бастап, әрі қарай ұлы Амангелдінің тізгініне берсе, аталмыш кафені қызы Аминаға табыс етті.
Лента қию рәсімі аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаев пен әулеттің үлкені Фазылғали Сатқалиұлына ұсынылды. Ғимараттың алды қуанышқа бөленіп, ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ән шырқады. Кафеге енген қонақтар легі көрімдігін ұсынып, арнайы дайындадған дәмнен ауыз етіп, оң бағаларын берді. Ақсақалдар ақ батасын беріп, ризашылықтарын жеткізді. Содан соң әдемі бастаманың авторы Амина Сапарова “Болашақ” кафесінің жұмыс барысы мен қызметтерді жіті таныстырып, тағам түрлеріне де тоқтала кетті. Ыстық тағамдардың түр-түрі жиналған қонақтардың алдына ұсынылып, сусындар да бірінен соң бірі жеткізіліп отырды. Еске сала кетейік, аталмыш кафенің ғимараты бұрын дәл осы атаумен азық-түлік дүкені болған болатын.
- 15 жылдық тарихы бар “Болашақ” атауының мағынасы зор. “Балық берме, қармақ бер” демекші, әр бастамамызды қолдап, көмек беретін әкем мен анама, ініме өз алғысымды білдіремін. Ас мәзірінде, ұлттық тағамдардан бастап, кофе, тіпті кешенді түскі асқа дейін бар. Алдағы уақытта 30 адамдық банкет залы, фуршет қызметі іске қосылатын болады. Сонымен қатар, мерекелік жеңілдіктерді де ұмытпайтынымыз анық. “Болашақ” командасына, барша жанашыр жандарға алғыс айтамын. Жаңа бастамамның қолдаушысы болыңыздар, - деді кәсіп иесі Амина Қуанышқызы.
Иә, Аминаның әкесі бұл қадамын қызының болашағына салынған сенім көпірі деп біледі. Бастама ауылдың жарқын болашағына айналады деп сенеміз. Осылайша, Амина арманына бір қадам жақындады. Алдағы уақытта кафе онлайн түрінде де жұмыс жасайтын болады. Яғни, үйде отырып-ақ тапсырыс беруге мүмкіндігіңіз бар. Жерлестерімізді қолдап, дәмді тағамнан ауыз тиіп, өз бағаңызды беруге шақырамыз.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы