Бөрлі ауданында “Ауыл аманаты” арқылы кәісбін ашқан жандар қарқынды еңбек етуде. Солардың бірі Шынар Жакенова. Ол жақында Пугачев ауылында “Шынар” атты шаштаразын ашты. Салонның ашылу салтанатына Пугачев ауылының әкімі Мереке Ізтелеуов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұргүл Кубашева, Батыс Қазақстан облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Жансұлу Төремұратова және қауымдастық мүшелері қатысты. Ашылу салтанатына қатысқан ауыл әкімі мен облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы сөз сөйлеп, кәсіпкерге сәттілік тіледі.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осыдан үш жыл бұрын “Ауыл аманаты” бағдарламасын ұсынған еді. Ол бағдарламаның басты мақсаты ауыл тұрғындарының ең төмен пайыздық мөлшермен мемлекеттен несие алып, сол арқылы өздерінің кәсібін ашып, табыстарын көбейту екенін айтты. Осы бағдарламаға біздің қарындасымыз Шынар қатысып, қазіргі уақытта осындай мүмкіндікті пайдаланып, өзінің шағын кәсібін ашып жатыр. Бүгін міне осы кәсіптің ашылуына қатысудамыз. Бұл үлкен ерлік. Тұтынушыларыңыз көп болсын, сапалы қызмет көрсетуді тілеймін, - деп ауыл әкімі Мереке Нұрланұлы кәсіпкерге ауылдың экономикалық дамуына қосып жатқан үлесі үшін алғысхат табыстады.

Жаңа нысанның лентасын Батыс Қазақстан облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Жансұлу Менешқызы және салон иесі Шынар Қалиуллақызы қиды. Лента қию рәсімінен кейін ашылу салтанатына келген қонақтар салонның ішін қарап, нысан иесін құттықтады.

- Бүгін Пугачев ауылында кәсіпкерлік нысанның ашылу салтанаты өтті. Кәсіпкеріміз Шынар Жакенова “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 2,5%-бен мемлекеттен қолдау алып, әдемі сұлулық салонын ашып жатыр. Бұл сұлулық салоны ауылдың тұрғындарына өзінің қызметін ұсынып, халықтың игілігіне жұмыс жасайды деген сенімдемін. Бұл жоба ауылдың экономикалық-әлеуметтік дамуына өз серпінін береді. Және жаңадан жұмыс орындары құрылады, - деді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұргүл Тілекқабылқызы.

Негізінен кәсіпкер Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ветеринария және биотехнология факультетін бітірген. 2016 жылы мамандығы бойынша аудандық ветеринариялық станциясына жұмысқа орналасқан. Кейіннен Пугачев ауылдық округінің ветфельдшер мекемесінде еңбек жолын жалғастырған. 2016 жылы “Дипломмен ауылға” мемлекеттік бағдарламасы арқылы Пугачев ауылынан үй алған екен.
Сұлулық саласына Шынар бала кезінен жақын екендігін айтып өтті. Сол қызығушылығына ден қойып, шаш қию және шаш үлгілерін, маникюр жасау курстарына қатысып, сертификатталған маман атанған. Сертификатын алғаннан кейін Ақсай қаласындағы сұлулық салондарында жұмыс жасаған екен. 2019 жылы “Бизнес Бастау” мемлекеттік бағдарламасына қатысып, жобасын қорғап, грант иегері атанып, Пугачев ауылында бір бөлмені жалдап, өзінің шағын кәсібін қолға алып, шаш қиып, жұмыс істей бастаған. Осы уақытқа дейін осы шағын кәсібін дөңгелетіп, өз салонын ашу туралы армандап келіпті.

- Басында өзімнің салонымды ашамын деген ой болмады. Ақсай қаласындағы сұлулық салондарында жұмыс жасап, өзімнің қабілеттілігімді арттырып, ауылға да осындай мамандар керек болғандықтан жалға бір бөлмені алып жұмыс жасай бастадым. Ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары менің тұрақты клиенттерім, - деді жас кәсіпкер.
Кәсібін дамыту мақсатында “Ауыл аманаты” бағдарламасына қатысып, жеке сұлулық салонын ашу үшін жұмыстана бастаған.
- Кейіннен өз салонымды ашу туралы армандай бастадым. Алдыма мақсат қойып, сол жолда еңбек еттім. Ауыл аманаты бағдарламасына қатысып, кредит алдым. Уақыттың аздығына қарамастан барынша үлгеруге тырыстым. Қазіргі таңда құрал жабдықтарым жолда келе жатыр. Оған қарамастан ашылу салтанатын жасауды шештік. Алдағы уақытта салонымызда шаш қию, шаш үлгілерін, тырнақ пен кірпік жасау және бет әрлеу қызметтері көрсетілетін болады. Әр саланың өз маманы болады. 3-4 ауылдың қыздарымен бірге жұмыс жасаймыз деп ойлаймын, - дейді кәсіп иесі Шынар.
Сонымен қатар Шынар Қалиуллақызы ауданымыздағы Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі. Салонның ашылу салтанатына қолдап келген ауыл әкімі мен қауымдастық мүшелеріне, барша көмектескен жандарға алғысы шексіз екендігін де айтып өтті.
Ауылдың дамуы еңбекқор азаматтардан басталады демекші, Шынарда осы жандардың қатарында. “Ауыл аманаты” бағдарламасының арқасында Шынардың көптен бергі салон ашу арманы орындалды.

2024 жылы «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылған өтінімдер бойынша 22 адамға жалпы сомасы 216,5 млн. теңгені құрайтын несие берілді. Оның ішінде мал шаруашылығы 9 жоба, құс шаруашылығы 2 жоба, техника немесе құрал жабдықтар сатып алу (шағын бизнес) 11 жоба.
Ал биыл "Aqjaiyq" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына барлығы 37,6 млн. теңгені құрайтын 4 жоба бойынша өтінімдер тапсырылған. Олар: метал бұйымдарын дайындау, құс шаруашылығы және қымыз өндіру, сұлулық салонына және азық-түлік дүкеніне арналған құрал жабдықтар сатып алу жобалары.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы