26.12.2025, 17:15
Оқылды: 386

Жәнібекте руханияттың жаңа шаңырағы ашылды

Жәнібек жұрты үшін бүгін ерекше әрі тарихи күн. Жаңа жыл қарсаңында аудан тұрғындары мен қонақтары білім мен руханияттың ордасы саналатын кітапханалардың жаңа ғимаратқа қоныс аударуына куә болды. Күні бүгінге дейін аудан оқырмандарына қалтқысыз қызмет етіп келген аудандық кітапхана мен аудандық модельді балалар кітапханасы енді заманауи талаптарға сай жаңа бейнеде оқырмандарын қарсы алуда.

ф3

Жаңа қос қабатты ғимараттың бірінші қабатына кітап қорын өңдеу және толықтыру бөлімі мен аудандық модельді балалар кітапханасы орналастырылса, екінші қабатқа жалпы кітап қоры 50 мың данаға жуық бай әдебиетті құрайтын аудандық кітапхана көшірілді. Кітапхана ғимаратының жалпы аумағы 600 шаршы метрді қамтиды.

Бүгінгі өткен салтанатты ашылу шарасына облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева, Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шолпан Уразаева, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Аманғалиева, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхананың директоры Марфуға Айтқалиева сынды құрметті қонақтар арнайы қатысты.

ф2

Қадірменді қонақтар атынан сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Ермекұлы өңірде мәдениет саласына Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүйелі қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті.

– Соңғы үш жылда облысымызда 12 мәдениет үйі мен мәдени-спорттық кешен пайдалануға берілді. Биыл 6 мәдени нысанның құрылысы жүргізілуде, оның үшеуі жыл соңына дейін іске қосылады. Бұл жұмыстар ауылдық елді мекендерде шығармашылық бастамаларды қолдауға және тұрғындардың мәдени өмірін жандандыруға бағытталған. Сонымен қатар 2022 жылы ҚР Президентінің тікелей тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен облысымызда ауылдық жерлерде 25 кітапхананы жаңғырту жобасы жүзеге асырылды. Бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік, мәдени әлеуетін нығайтып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етуде, – деді ол.

Сондай-ақ ол жаңа ғимараттың кітапсүйер қауымның сүйікті мекеніне айналып, білім мен мәдениеттің нағыз орталығы болуына тілектестік білдірді.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда кітапхана саласын дамытуға айрықша мән бергенін атап өтіп, Батыс Қазақстан облысы бұл бағытта республика көлемінде көш бастап тұрғанын айтты.

– Бүгін сіздердің аудандарыңызда әрбір отбасы мен әрбір бала үшін білімге жол ашатын жаңа мәдени мекен пайда болды. Оқитын, мәдениетті ұлт қалыптастыру – тек кітапханашылардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы орайда Ұлттық кітапхананың резерв қорынан жаңа кітапхана қорына 500 дана кітапты сыйға тартамыз. Қуаныштарыңыз құтты болсын, — деді ол.

Шара барысында аудандық «Ардагерлер ұйымы» филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев те сөз алып, ел болашағы үшін жасалып жатқан игі іске ұйытқы болған Мемлекет басшысына, облыс және аудан басшылығына жәнібектік жұртшылық атынан алғысын білдірді.

Жаңа кітапхана ғимаратының символдық кілтін тапсыру рәсіміне құрылыс жұмыстарын жүргізген «Символ» ЖШС жетекшісі Есқайыр Елемесов шақырылып, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Джукинаға салтанатты түрде табысталды.

ф11111дұрыс

Ашылу салтанатынан кейін келген қонақтар мен оқырмандар жаңа ғимаратты аралап көріп, заманауи талаптарға сай жабдықталған кітапхананың тыныс-тіршілігімен танысты. Жаңарған кітапхана Жәнібек жұртының рухани өмірін байытып, білім мен мәдениеттің алтын ордасына айналарына сеніміміз мол.

Арай Сейфолла

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале