29.12.2025, 11:30
Оқылды: 108

Бәйтерек ауданының бюджеті бекітілді

2026 жылға арналған Бәйтерек аудандық бюджетінің түсімдері 10 947 045 мың теңгені құрады. Қазынаның шығыс бөлігі де осындай соманы құрап отыр.

IMG-20251229-WA0004

Бұл туралы аудандық мәслихаттың ХХІХ сессиясында айтылды. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Тосамбаев қатысқан сессияның күн тәртібінде 31 мәселе қаралды. Олардың дені аудандық және 22 ауылдық округтың 2026-2028 жылдарға арналған бюджеттерді бекіту туралы болды. Осынау жайттар жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлжан Сейтмулдина баяндама жасады. Оның айтуынша, меншікті кірістер көлемі 2026 жылға 9 425 655 мың теңге, 2027 жылға 9 973 991 мың теңге, 2028 жылға 10 564 931 мың теңге көлемінде айқындалған.

Содан соң аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин 2025 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Оның сөзіне қарағанда, жыл ішінде өткен сессиялар кезінде барлығы 114 шешім қабылданған. Сессияның күн тәртібінде негізінен барлық деңгейдегі әкімдердің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы, тұрақты комиссиялардың, аудандық бөлімдер мен мекемелердің атқарылған жұмыстары туралы есептері қаралды. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша, аудандық бюджетті нақтылау, өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері де депутаттар назарына ұсынылды. Аудан бюджеті 2025 жылға 8,9 млрд.теңге болып бекітілген болса, жыл ішінде 11,5 млрд. теңгеге дейін түзетілді. Республикалық және облыстық бюджеттерден түскен трансферттер 4,4 млрд. теңгені құрады.

- 2025 жылы да аудандық мәслихат депутаттары сайлаушыларымен тығыз байланыста болды. Барлық депутат өздері сайланған ауылдық округтерге барып, тұрғындармен  кездесіп, атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Осынау кездесулердің нәтижесінде аудандағы ауылдардағы өзекті мәселер жинақталып, оларды шешу жолдарын қарастыру және орындау бойынша жауапты мекемелерге ұсыныстар берілді. Жалпы алғанда әрбір депутат аудан әкімдігімен, жауапты мекемелермен тығыз байланыста, өздері сайланған округтегі мәселелер бойынша құзырлы құрылымдарға сайлаушылардың аманатын жеткізіп, олардың іске асырылуы үшін табанды түрде жұмыстануда.

IMG-20251229-WA0006

Депутаттар аудан көлеміндегі іс-шаралардан тыс қалып жатқан жоқ. Әсіресе ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік бағыттағы іс-шаралардың бел ортасында жүреді. "Ауыл аманаты", "Қаладан ауылға" жобалары бойынша ауқымды жұмыстарды атқаруда мәслихат депутаттарының ықпалы зор. Бір сөзбен айтқанда депутаттарымыз ел мүддесі үшін жұмыс істеуде, - деді Нұрлыбек Қажымұратұлы.

 

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале