2.01.2026, 11:00
Оқылды: 104

Өңір  спорты: жүйелі  жұмыс  пен  жаңа  белестер

Былтыр  облыстың  спорт  саласы  үшін  маңызды  өзгерістер  мен  айтарлықтай  жетістіктерге  толы  жыл  болды.  12  ай  бойы  дене  шынықтыру  және  спорт  басқармасы  спортшылар  мен  мамандар  үшін  қолайлы  жағдай  жасап,  саланы  дамытудың  заманауи  талаптарына  бейімдеуге  басымдық  берді.  Республика  көлемінде  жүзеге  асып  жатқан  спорт  саласындағы  жүйелі  реформалар  өңірге  де  серпін  алып  келді.

WhatsApp Image 2026-01-02 at 10.51.14

Ең алдымен, спорт – халық денсаулығын нығайтудың негізгі тетігі. Осыған орай облыста бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде өңір халқының 42,4%-ы, яғни 294 мыңнан астам тұрғын спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Жыл ішінде мыңдаған спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, тұрғындардың  спортқа  деген  қызығушылығы  арта  түсті.

Кәсіби спортта да тұрақты даму байқалады. Облыс спортшылары халықаралық, әлемдік, құрлықтық және республикалық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Жыл қорытындысы бойынша өңір атлеттері 1034 медаль жеңіп алған.

WhatsApp Image 2026-01-02 at 10.56.39

Оның 363-і – алтын, 312-сі – күміс, 359-ы – қола жүлде. Азия шемпионаттарынан – 60, әлем шемпионаттары мен халықаралық турнирлерден 72   жүлде  қоржынға  түсті.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитовтің айтуынша, былтырғы маңызды бағыттардың бірі өңір үшін басым спорт түрлерін айқындау болған. Жүргізілген талдау нәтижесінде 22 басым спорт түрі бекітілді. Олар қысқы және жазғы олимпиадалық, пара және сурдолимпиадалық бағыттарды қамтыды.

– Өткен жылдың маусым айынан бастап дене шынықтыру және спорт туралы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес жоғары жетістік алып келетін спорт түрлері нақтыланды. Кейбір олимпиадалық емес спорт түрлері олимпиадалық бағыттарға ауыстырылды. Мәселен, пауэрлифтинг ауыр атлетикаға, ал грэпплинг еркін күрес бағытына енгізілді. Бұл өзгерістер облыстың барлық ауданындағы олимпиадалық және ұлттық спорт түрлеріне  де  қатысты, –  дейді  басқарма  басшысы.

Сондай-ақ тамыз айынан бастап ұлттық құрама сапындағы спортшылардың ай сайынғы төлемдері айлық есептік көрсеткішке байланыстырылып, айтарлықтай артты. Анастасия Тимошенкова, Фатима Сұпығалиева, Ирина Ивановская, Мария Бровкова, Зейнеп Баянова, Даниял Сәбит сынды спортшылар  өңірдің  спорттық  брендіне  айналды.

WhatsApp Image 2026-01-02 at 10.55.37 (1)

2025 жылы облыс құрамасы алғаш рет «Ақбидай –  2025» республикалық ауылдық спорт ойындарында жалпыкоман-далық үшінші орынға ие болып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Онда өңір намысын қорғаған спортшылар бірыңғай спорттық киіммен қамтамасыз етілді. Жанкүйерлердің қолдауы мен ақпараттық сүйемелдеу нәтижесінде облыс құрамасы  тұңғыш  рет  үздік  үштікке  енді.

Спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Орал қаласында халықаралық стандарттарға сай көпфункционалды «Жайық Арена» спорт кешені пайдалануға берілді. П. Атоян атындағы стадион толық қайта жаңғыртылып, жасыл төсеніш жаңартылды. Сонымен қатар облыс аумағында  15  жаңа  спорт  алаңы  іске  қосылды.

Freedom Holding Corp компаниясының қолдауымен мүгедектігі бар азаматтарға арналған заманауи инклюзивті спорт кешені ашылды. Жалпы ауданы 2025 шаршы метрді құрайтын бұл нысанда 250-ден астам спортшы 20 спорт түрімен тұрақты түрде айналыса алады. Сондай-ақ Орал қаласының Ақжайық шағынауданында үстел теннисіне арналған жаңа спорт орталығының құрылысы  басталды.

Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында спорт мектептері заманауи құрал-жабдықпен қамтылып, QADAM.AI цифрлық жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе спортшылардың дайындығын талдауға және жеке жаттығу бағдарламаларын  әзірлеуге  мүмкіндік  береді.

WhatsApp Image 2026-01-02 at 10.50.48

Былтыр  өңірде республикалық деңгейдегі ірі жарыстар көптеп өткізілді. Орал қаласы дзюдо, қазақ күресі, парадзюдо, ұлттық волейбол лигасы, садақ ату және көгалдағы хоккей бойынша ел шемпионаттарын қабылдады. Мұндай жарыстардың өңірде өтуі экономикалық тұрғыдан да тиімді екенін басқарма басшысы  атап  өтті.

– Ел шемпионаттарын облыста өткізу қай жағынан алып қарасақ та тиімді. Күні кеше 2000-ға жуық жас палуан бас қосқан «Шемпиондар лигасы» жарысынан өңір қазынасына 100 миллион теңгедей қаржы түсті.

Ал кеткен шығын 3 миллион теңгеден аспайды. Оның үстіне басқа өңірде өткен ел шемпионаттарына басқарма қаражаты есебінен тек бірінші нөмірлі спортшылар бара алады. Ал ондай жарыс өңірде өтсе, облыс намысын қорғайтын спортшылар санын едәуір ұлғайта аламыз. Ол біріншіден, шемпиондыққа таласатын батысқазақстандықтар санын арттырса, екіншіден, ірі жарысқа шыға алмай жүрген жас спортшылардың тәжірибесін арттыруға таптырмас мүмкіндік, – деді  басқарма  басшысы.

Қысқы, жазғы және ұлттық спорт түрлері мақсатты түрде дамуда. Шорт-трек, шаңғы жарысы, биатлон бағыттарында өңір спортшылары халықаралық ареналарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Ал ұлттық спорт түрлері жаңа заң аясында олимпиадалық спортпен теңестіріліп, мемлекеттік қолдау күшейтілмек. Сонымен бірге шешімін күткен мәселелер де бар. Атап айтқанда, жаңғыртуды қажет ететін спорт нысандары мен спорт  кешеніне  зәру  ауылдар  жеткілікті.

– Спорт инфрақұрылымын дамыту, жаңа нысандар салу, қолданыстағы кешендерді жөндеу бұқаралық және кәсіби спорттың қолжетімділігін арттырады. Бұл – салауатты ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды басымдық, – деді Бақдәулет Сәбитов.

 

Түгелбай  Бисен,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале