Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде қысқы оқу кезеңінің салтанатты ашылуы өтті. Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында маңызды міндет атқарып келе жатқан құрылымда жаңа оқу кезеңі дәстүр бойынша саптық алаңдағы ресми митингтен басталды.

Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты іс-шара барысында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Бекайдар Қазкеев жеке құрамды оқу кезеңінің басталуымен құттықтады. Ол өзінің құттықтау сөзінде Ұлттық ұлан сапындағы қызметтің маңыздылығы мен жоғары жауапкершілігін атап өтіп, әскери қызметшілерге кәсіби шеберлікті арттыру жолында табыс тіледі.

Оқу кезеңінің алғашқы күнінде әскери қызметшілер мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша сабаққа қатысты.
Сонымен қатар практикалық дайындыққа аса назар аударылып, жеке құрам қару-жарақ, техника және мүлікті қауіпсіз әрі дұрыс пайдалануды, алғашқы медициналық көмек көрсетудің негізгі тәсілдерін пысықтады.
Әскери тәртіп, заң талаптары мен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау маңыздылығы да ерекше атап өтілді.