Кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасындағы тұрмыстық күш қолдану фактілерінің алдын алу мақсатында облыс аумағында «Қолайсыз отбасы» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті.
Аталған іс-шараның мақсаты – кешкі және түнгі уақытта кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қолайсыз отбасыларды анықтап, оларды есепке қою, қоғамға қарсы бағытталған кәмелетке толмағандар тобын, сондай-ақ, алкоголь өнімдерін қолданатын кәмелетке толмағандарды анықтау.
Жедел-алдын алу іс-шараларына жергілікті атқарушы, прокуратура, білім беру басқармасы, денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты.
Үш күндік шара барысында ІІО-ға әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 100 кәмелетке толмаған оқушылар жеткізілді, 33 қолайсыз отбасы анықталды. Жергілікті полиция қызметкерлері түнгі уақытта көшеде заңды өкілсіз жүрген 70-тен астам жасөспірімді ұстады. Сондай-ақ, балаларын тәрбиелеуде дұрыс міндеттерін атқармайтын 26 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аталған бағыттағы жұмыс әлі де өз жалғасын табатын болады.
БҚО ІІД баспасөз қызметі