9.01.2026, 18:00
Оқылды: 16

Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

Өңірдегі жол-көлік оқиғаларының саны әлі де алаңдатарлық деңгейде  қалып  отыр.  Жыл  басында  ақтүтек  салдарынан  жолдар жабылып, қауіпсіздік іс-шарасы күшейтілді. 

Unrecognizable young Caucasian man, put an warning triangle sign, during an vehicle breakdown on the road, during winter day

Сурет: istockphoto.com

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, былтыр өңір аумағында 1132 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 71 адам қаза тауып, 1782 азамат түрлі деңгейдегі  жарақат  алған. Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Біздің сауалымызға жауап  берген полиция департаменті басшысының орынбасары, полковник Ернар Сұлтанғалиевтің айтуынша, жол-көлік оқиғалары негізінен республикалық маңызы бар «Орал – Ақтөбе» және «Орал – Атырау» тасжолдарында тіркелген. Былтыр «Орал – Ақтөбе» аутожолында 34 жол-көлік оқиғасы болған. Соның салдарынан 11 адам қаза тауып, 59 адам жарақаттанды. Ал «Орал – Атырау» бағытындағы жолда 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам көз жұмып, 43 адам жарақат алыпты.

Апаттар негізінен жол жүру ережесін өрескел бұзу, жылдамдықты асыру салдарынан болады. Соңғы кездері заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары да жиіледі. Атап айтқанда, «Чапаев – Жаңақала – Сайқын» тасжолындағы бір апаттан 8 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды. Ал «Орал – Ақтөбе» бағытындағы тағы бір оқиғада 3 адам көз жұмып, 3 адам жараланды. Аталған екі жол-көлік оқиғасы да заңсыз такси қызметін көрсеткен жүргізушілердің қатысуымен болған.

– Осыған байланысты полиция департаменті заңсыз жолаушылар тасымалына қарсы жүйелі шаралар қабылдап келеді. ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 463-бабының 1-бөлігі бойынша  жолаушыларды заңсыз  тасымалдаған жүргізушілерге қатысты 365 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 61 хаттама рәсімделген. Сондай-ақ ӘҚБтК-ның 571-бабының 2 және 3-бөліктері бойынша, яғни аутомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін 374 әкімшілік хаттама жасалды, – деді полковник Ернар Сұлтанғалиев.

Бұдан бөлек, былтыр 30 қазаннан бастап әр аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері «Тасымалдаушы» атты рейдтік іс-шара өткізіліп келеді. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жолаушылар тасымалы саласындағы заңбұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Полиция департаменті жолаушылар тасымалымен айналысатын азаматтарға қызметті бастамас бұрын жергілікті атқарушы құрылымдарға міндетті түрде алдын ала хабарлама жолдау қажеттігін ескертеді.

Жолдағы тәртіп пен адам өмірінің қауіпсіздігі – әр  жүргізушінің азаматтық  жауапкершілігі. Заң талаптарын, жол ережелерін сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сол себепті әр жүргізуші жауапкершілікті толық сезінгені абзал.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале