2025 жылы жолдарды күтіп ұстау жұмыстары аясында облыс жолдарының учаскелерінде жалпыалаңы 13 171 шаршы метр болатын шұңқырды жөндеу жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар апатты жағдайды болдырмау мақсатында 950 километрге жол таңбалары салынды, 352 жол белгісі орнатылды. Жол бойынан 258 тонна қоқыс жиналды. Бұл жөнінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуанышалиев хабарлады.

Басқарма басшысының мәліметі бойынша облыс жолдарының жалпы ұзындығы – 6 053 километр. Оның ішінде 1 349 километрі – республикалық маңызы бар жолдар, 4 704 километрі – жергі-лікті маңызы бар жолдар (облыстық жолдар – 1 690 км, аудандық жолдар – 3 014 км).
Жергілікті маңызы бар жолдарды күтіп ұстау үшін 36 мердігер ұйым мен 265 арнайы техника бірлігі жұмылдырылған. Қысқы кезеңге дайындық шаралары аясында 36 жылу пункті орнатылды, оның ішінде облыстық жолдарда – 14, аудандық жолдарда – 22 жылу пункті бар.
2025-2026 жылдар аралығындағы қысқы кезеңге дайындық үшін жергілікті маңызы бар жолдарға төсеуге арналған 13 000 тонна құмды-қиыршықты қоспа және 1 300 тонна тұз дайындалды.
Полиция департаменті және төтенше жағдайлар қызметімен бірге жолдардың қысқы кезеңге дайындығын тексеру жұмыстары жүргізілді. Қысқы күтіп ұстау жұмыстары автомобиль жолдары комитетінің 2017 жылғы 26 желтоқсандағы №178 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
– Қар тазалау жұмысы бірінші кезекте аутокөлік жиі жүретін учаскелерде 2-4 сағат ішінде жүргізіледі. Барлық жолдың толық тазалануы 10 сағат ішінде қар тоқтағаннан кейін аяқталуы тиіс.
Мердігер ұйымдар жолдарды уақытында тазалап, қардан кейін жолдарға құм, тұз қоспасын себеді.
Қысқы кезеңде және қолайсыз ауа райы жағдайында облыстық маңызы бар жолдардың кейбір учаскелері үнемі бақылауда ұсталады. 2025-2026 жылдары қысқы кезең басталғаннан бері 3 100 тонна тайғаққа қарсы материалдар себілді.
Айта кету керек, 2025 жылғы 14 қарашадан 2026 жылғы 5 қаңтарға дейін облыстық маңызы бар жолдар ауа райының қолайсыз жағдайлары салдарынан 19 рет уақытша жабылды, – деді басқарма басшысы.
Нүркен Ғаппар