13.01.2026, 17:15
Оқылды: 60

Олимпиада үздіктері анықталды

Оралда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі қорытындыланды. Білім бәйгесі облыстық білім басқармасы мен «Дарын» қосымша білім орталығының  ұйымдастыруымен Орал қаласындағы №51 мектепте өтті.

мектеп жп

Аталмыш білім бәйгесі дәстүрлі үш кезеңнен тұрды. Бірінші, мектепішілік кезеңге облыс бойынша 10 862 оқушы қатысып, өз білімдерін сынады. Оның ішінен үздік деп танылған 5 068 оқушы екінші, аудандық (қалалық) кезеңге жолдама алды. Ал үшінші, облыстық кезеңге барлығы 653 оқушы қатысуға ниет білдіріп, нақты іріктеуден өткен оқушылар өзара бақ сынасты. Облыстық кезеңге қатысушылардың географиясы да кең болды. Атап айтқанда, 12 ауданнан – 276 оқушы, қала мектептерінен – 131 оқушы, ал облыстық мамандандырылған мектептерден  246 оқушы олимпиадаға қатысты. Олимпиада 13 пән бойынша өткізіліп, әр пәнде білімді, ізденімпаз, қабілетті оқушылар анықталды.

Сайыс қорытындысында облыс бойынша 38 оқушы І орын, 67 оқушы ІІ орын, 147 оқушы ІІІ орын иеленіп, жүлдегер атанды. Сонымен қатар командалық есеп бойынша да үздіктер анықталды. Нәтижесінде І орын Орал қаласының командасына бұйырса, ІІ орынды дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты иеленді. Ал ІІІ орын С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына берілді. Аудандық есепте І орынды Бөкей ордасы ауданы,  ІІ орынды Бөрлі және Казталов аудандары өзара бөліссе, ІІІ орынға Жаңақала, Бәйтерек және Ақжайық аудандары лайық деп танылды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде облыстық білім басқармасының басшысы Е. Сафуллин, қазылар алқасының төрағасы  Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тарих және құқық кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, кафедра меңгерушісі Ж. Ерназаров және қазылар алқасының басқа да мүшелері арнайы қатысып,  дипломдар мен медальдарды табыс етті.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале