Сырым аудандық ауруханасына жүктілігінің 32-ші аптасындағы жымпитылық әйел қатты ауырсыну белгілерімен жеткізілді. Бұл туралы аудандық аурухана директорының орынбасары Миргүл Сарғозиева мәлімдеді.

Сурет: istockphoto.com
Дәрігерлердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде түнгі сағат 01:45 және 01:49-да мерзімінен бұрын шала туған егіз қыз сәбилер дүниеге келді. Жолда босанып қалу қаупі жоғары болғандықтан, науқасты Орал қаласына жеткізу мүмкін болмаған. Босандыру жұмыстары аудандық аурухананың өзінде ұйымдастырылды.
Облыстан арнайы мамандар шақырылып, тәжірибелі дәрігерлер шұғыл түрде көмекке келді. Сонымен қатар, әлі ресми түрде жұмысына кіріспеген ауданның гинеколог маманы да босандыру процесіне қатысып, облыстан келген анестезиолог пен неонатолог дәрігерлер бірлесе отырып, күрделі жағдайда ананы аман-есен босандырып алды.
Бұл – әйелдің бесінші жүктілігі, өмірге келген бесінші және алтыншы перзенті. Қазіргі таңда ананың жағдайы тұрақты, денсаулығы жақсы.
Ал дүниеге келген нәрестелер шала туылғандықтан, арнайы медициналық күтімді қажет етеді. Олар облыстық перинаталдық орталыққа жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр.
Аудандық аурухана ұжымының кәсіби біліктілігі мен бірлікпен атқарған жұмысы ана мен сәбилердің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бұл — аудан медицинасының жауапкершілігі мен адам өміріне деген жоғары жанашырлығының айқын көрінісі.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы