16.01.2026, 9:30
Оқылды: 94

Балық шаруашылығы да табысты сала

Қазақстанда  балық  шаруашылығын  дамыту –  елдің  азық-түлік  қауіпсіздігі  мен  экономикалық  дамуын  жақсартудың  басым  бағыты.  Жоба  аясында  балық  өсіру  шаруашылықтарын  салу,  жұмыс  істеп  тұрған  кәсіпорындарды  жаңғырту,  аква  мәдениеттің  заманауи  технологиялары  мен  әдістерін  енгізу  көзделген.  Бұл  балық  өндірісін  ұлғайтуға,  жаңа  жұмыс  орындарын  құруға,  өнім  сапасын  жақсартуға  және  ішкі  және  сыртқы  нарықта балық  өнімдеріне  сұранысты  қанағаттандыруға  мүмкіндік  береді.  Сонымен  қатар  балық  шаруашылығының  дамуы Су ресурстарының  биоәртүрлілігін  сақтауға  және  аймақтағы  экологиялық  жағдайды  жақсартуға  ықпал  етеді. 

жп казах виллидж балық (21)

Сурет сайт архивінен 

Қазақстан өзінің бай және бірегей табиғаты есебінен өте қуатты балық шаруашылығы қорына ие. Бұл бағытта жоғары экспорттық әлеуеті бар. Балық өнеркәсібінің негізгі қызметі – балық аулау, балық өсіру және өңдеу. Еліміз жағырапиялық жағдайына байланысты  мұхиттан ауланатын балық пен теңіз өнімдерін сырттан тасымалдайды. Ондай балық түрлеріне майшабақ, скумбрия, асшаяндары, мидия және басқалары жатады. Балық импорты Норвегияға, Ресейге, Исландияға, Қытайға және Балтық  елдеріне  тиесілі.

Өз кезегінде Қазақстан жыл сайын таяу және алыс шетелдердің 36 еліне 30 мың тонна балық өнімін экспортқа шығарады. Негізінен балық филесі, кептірілген-ысталған өнімдер және балықтың мұздатылған қаңқасы

экспортталады. Мысалы, көксерке филесі Еуропалық Одақ елдерінде (Германия, Нидерланды) қазақстандық бренд болып табылады, кептірілген-ысталған өнімдер Ресейге, Украинаға, Литваға, Қытайға және басқа елдерге шығарылады. Бұл ретте біздің жанымызда экспорт үшін елеулі әлеуетті нарықтар барын айтуымыз керек. Қазақстан жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша балықты аз тұтынады.

Мәселен, егер Дүниежүзілік денсаулық ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 келі балық өнімін тұтынуды ұсынса, онда Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 келіден аз. Өз кезегінде көршілес Ресей мен Қытайда бір адамға тиісінше 20-40 келіден тұтыну көрсеткіші тән.

Соңғы статистикалық деректерге сәйкес Батыс Қазақстан облысы халқының орташа саны шамамен 686 мың адамды құрайды. Бір адамға шаққанда 16 келі балықты тұтыну межесі есебінен облыс тұрғындарын балық пен қамтамасыз етудің жалпы қажеттілігі 10 мың тонна балықты құрайды. 2021-2030 жылдары БҚО бойынша өсірілген балық өндірісін 10 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл облыс тұрғындарын балық және балық өнімдерімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ теңіз балықтарының импортын ескере отырып, республиканың көршілес аймақтарына және шетелдерге артық өсірілген балықтардың экспортын болжауға болады. Қазіргі кезде іс жүзінде Ресей Федерациясының көршілес аймақтарына балық экспорты үрдісі қалыптасты. Бұл жағдай балық пен балық өнімдерінің бағасының көршілес елде Қазақстанға қарағанда жоғары болуымен байланыстырамыз.

Қазір әлем бойынша ең табысы мол бизнестің түрі осы балық шаруашылығы көрінеді.  Балық өнімдеріне сұраныстың артуы және импортты алмастыру қажеттілігі жағдайында өңірімізде тауарлық балық шаруашылығын дамыту басым бағыт болып табылады. Тауарлық балық өсірудің негізгі бағыттары: көл-тауарлық; тұйық сумен жабдықтау қондырғыларында (ТСЖҚ) балық өсіру; тор қоршамда балық өсіру; тоғандар мен су қоймаларында балық өсіру болып табылады.

Тауарлық балық шаруашылығы бірнеше негізгі міндеттерді шешеді: қазіргі заманғы балық өсіру шаруашылықтарын (ТСЖҚ, торшарбақ және тоған фермалары) салу; Орал-Каспий бассейніндегі бекіре балықтарының сирек кездесетін, жойылып бара жатқан түрлерін сақтау және молықтыру; су биоресурстарын цифрландыруды, мониторингтеуді және басқаруды қоса алғанда, тауарлық балық шаруашылығын жүргізудің қазіргі заманғы технологияларын енгізу. Сонымен қатар қайта өңдеу және логистикалық инфрақұрылым құру, мемлекеттік қолдау шараларын және саланы орнықты дамыту үшін субсидиялар және жеке инвестициялар тарту керек. Жоғары білікті кадрларды даярлау өзекті. Одан басқа инфрақұрылымды кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындарын құру және өңірлік экономиканы дамыту, тауарлық балық өндіру есебінен Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арттыру мәселелері бар. Жалпы ішкі нарықтағы отандық балық үлесін өсіру және өнімді экспортқа шығару, жергілікті фермерлік шаруашылықтар арасында инновациялық тәжірибе мен білімді тарату және орнықты ауыл кәсіпкерлігін дамыту қажет.

Қазіргі кезде БҚО бойынша балық ресурстарының жылдық кәсіпшілік қоры 250 тоннадан асады. Көл-тауарлық балық шаруашылығы жағдайында өсірілген балық ресурстарының қоры 500 тоннадан асады. Тұйық сумен жабдықтау   қондырғыларында (ТСЖҚ) бекіре балықтарын өсіру «Аква мәдениеттің тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісінің оқу-ғылыми кешені» ЖШС-да, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ базасында жүзеге асырылады.

Университет ғалымдары ТСЖҚ жағдайында бекіре және тұқы балықтарды жасанды көбейту технологиясын әзірледі. Қорытпа, орыс бекіресі, шоқыр, сүйрік, Сібір бекіресі және пілмай сияқты бекіре балықтарынан жасалған аналық табынның бірегей коллекциясы жасалды.

Тор шарбақта балық өсірумен Теректі ауданының Подстепный ауылдық округінің аумағында орналасқан «BARBASTAU RIVER» фермасы айналысады. Шаруашылық жылына 6 тонна бақтақ (форель) пен тұқы өсіреді. Аталған кәсіпорын «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мемлекеттен жеңілдетілген несие түрінде шамамен 18,5 млн теңге алды.

Балық шаруашылығын дамытудың және субъектілер  ді ұлғайтудың мемлекеттік бағдарламасының индикатор ларын жүзеге асыру үшін балық отырғызу материалын (шабақ) өсіруге арналған тоғандар санының ұлғаюын қамтамасыз ету қажет. Өңірде балық өсіру материалының негізгі жеткізушісі – «Aqjaiyq  Agro» ЖШС.

2024 жылы жергілікті бюджеттен резервтік қордағы 40 су айдынын паспорттау жүргізуге 51 млн 79 000 теңге бөлінді. Құжаттаудан кейін олар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) жергілікті маңызы бар учаскелердің тізбесіне енгізілді. Ал 2025 жылы «Аква мәдениет туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агро-өнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік құрылымдардың функцияларынқайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шыққаны белгілі. Оны іске асыру аясында АШМ 22. 09. 2025 жылғы №313 бұйрығымен көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүргізу үшін балық шаруашылығы су айдындарын және учаскелерін бекітіп беру жөніндегі конкурсты өткізу қағидаларын және конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік  талаптары  бекітілді.

Балық шаруашылығы су айдындарын бекіту рәсімі өңірде балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыру үшін балық шаруашылығы субъектілерінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Облыста тауарлық балық шаруашылығын дамыту – бұл азық-түлік тәуелсіздігіне, өңірді экономикалық әртараптандыруға және су ресурстарын экологиялық орнықты пайдалануға стратегиялық маңызды қадам. Ол облыс экономикасының ұзақ мерзімді, тұрақты өсуі мен дамуын қамтамасыз етеді және агроөнеркәсіп, логистика, сауда, білім беру, экология және туризм сияқты аралас салаларда мультипликативті  әсер  береді.

Гүлжан Абдулова-Климова,

БҚО  бойынша  балық инспекция 

басқармасының  бас  маманы,

Марклен Шүкіров,

Жәңгір хан  атындағы БҚАТУ

«Ветеринария және агротехнология»

институтының  доценті,

ауыл  шаруашылығы ғылымдарының кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале