Бүгін Казталов ауданы орталығындағы мәдениет үйінде аудан өмірінің айнасына айналған, елдің мұңы мен қуанышын, жетістігі мен жаңалығын қалт жібермей қалың оқырманға жеткізіп келе жатқан шежірелі басылым — «Ауыл айнасы» қоғамдық-саяси газетінің 95 жылдық торқалы тойы салтанатты түрде аталып өтті.

Айтулы мерекенің жоғары деңгейде өтуіне Казталов ауданы әкімдігі тікелей мұрындық болды. Сонымен қатар шараны ұйымдастыруға «Жайық Пресс» медиахолдингі, аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығы, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, аудандық білім беру бөлімі, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және басылым жанашырлары бір кісідей атсалысып, зор қолдау көрсетті.

Мерекелік шара алдында газет тойына жиналған қонақтар мәдениет үйінің фойесінде орналасқан көрмемен танысты. Онда тарихы терең «Ауыл айнасы» газетінің қалыптасу кезеңдері, әр жылдардағы бет-бейнесі мен шежірелі жолы көпшілік назарына ұсынылды.
Шараға қатысқан Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов жиналған қауымды құттықтап, өзі бастамашы болған «Мен оқыған 30 кітап» жобасының республикалық деңгейде бастау алғанын жеткізді. Айта кету керек, республикалық байқауының бас жүлдесіне 1 млн. теңге қаражат тігілуде.

Сондай-ақ салтанатты жиында ақын, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет және білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін», Ы.Алтынсарин медальдарының және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, «Казталов ауданының құрметті азаматы», Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы, «Коммунист» газетінің ардагер журналисті Дариға Ғазизқызы Мұштанова жобаның қатысушыларына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ қонақтар ауданымызда алғаш рет мектеп оқушылары арасында қолға алынған «Мен оқыған отыз кітап» жобасымен танысты. Айта кетерлігі, бұл жоба биыл республикалық деңгейде жүзеге асырылмақ. Жоба жеңімпаздары көпшілік алдында өздері оқыған кітаптардан әсерлі үзінділер оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Биыл «Мен оқыған 30 кітап» жобасының облыстық байқау кезеңі Шыңғырлау ауданында өтпек. Осы орайда Шыңғырлау ауданының әкімі видео сәлемдеме жолдап, жобаның ашылуымен құттықтады.
Торқалы той тағылымға толы мазмұнымен ерекшеленіп, «Ауыл айнасы» газетінің өңір руханиятындағы алар орны мен маңызын тағы бір мәрте айқындады.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы