Батыс Қазақстан облысы футзал ассоциациясы мен Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесіп ұйымдастырып отырған футзалдан ашық қала чемпионаты қыза түсті. Облыс орталығы мен аудандардан жиналған әуесқой футзалшылар жарысының алғашқы айналымы мәресіне жетті.

Күзде бастау алған доп додасы әлі бірнеше айға созылады. Биылғы чемпионатқа барлығы 41 команда қатысуға ниет білдірген. Командалар шеберлік деңгейіне қарай бірнеше дивизионға бөлінді. Қазіргі таңда топтық кезеңде көш бастап келе жатқан ұжымдар мен турнир аутсайдерлері айқындала бастады. Дегенмен, жүлделі орындарға кімдердің лайық екені плей-офф кезеңінде белгілі болмақ.

– Биыл футзал ассоциациясының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осыған орай чемпионатты мерейтой аясында ұйымдастырып жатырмыз. Алдағы уақытта ардагерлер арасында да арнайы дивизион ашу жоспарымызда бар. Қазірдің өзінде оған қатысуға ниет білдірген азаматтар аз емес, – дейді БҚО футзал ассоциациясының құрылтайшысы Марат Мусин.

Қазіргі таңда жарыстың екінші айналым ойындары басталып кетті. Футзалшылар тартысты кездесулер өткізіп, көрерменге әсерлі ойын үлгісін көрсетуде. Ал чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері көктемде анықталмақ.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz
Суреттер Айбатыр Нұраштікі

