Орал қаласында бокстан 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған балғын боксшылар арасындағы ел біріншілігі қаңтардың 24-іне дейін жалғасады.
«Жайық Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 250-ге жуық жас боксшы қатысуда. Олар 33, 35, 37, 40, 43, 46, 49, 52, 55, 58, 64, 67 және 70 келі салмақ дәрежелері бойынша чемпиондық атақ пен жүлделі орындарды сарапқа салады.

Чемпионаттың ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов пен 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, әйгілі боксшы Данияр Елеусінов қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Бақдәулет Сәбитов жас спортшыларға сәттілік тілеп, бұл жарыстың болашақ спортшыларды тәрбиелеудегі маңызына тоқталды.

– Бұл чемпионат еліміздің болашақ спорт жұлдыздарына беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Бокс қайсарлық пен тәртіпті, төзім мен табандылықты талап ететін спорт түрі. Осындай додада шыңдалған жасөспірімдер ертең ел намысын халықаралық ареналарда қорғайтынына сенемін, – деді ол.

Бәсекені тамашалауға келген жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Жақсылық Молдахановтың айтуынша, осы чемпионатта топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұлттық құрама сапына алынып, Ташкентте өтетін Азия чемпионатында Қазақстан намысын қорғайды.

Айта кетейік, жарыстың шешуші кезеңі 24 қаңтар күні өтеді. Ақтық сындар сағат 12:00-де басталады.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz