Бата берудің қыр-сырын терең меңгеріп, ұлттық дәстүрді өскелең ұрпаққа насихаттап жүрген, «Казталовтың батагөй ақсақалы» атанған болашақтық Исмағұл Мусин – ауданымыздың ғана емес, облысқа танымал абыз азамат.

Ол – Батыс Қазақстан облысының Құрметті ардагері, елдің ынтымағы мен бірлігін, ұрпақ тәрбиесін өмірлік мұратына айналдырған өнегелі жан.
Қазақтың қара сөзін қанына, сүбелі сөзін сүйегіне сіңірген Исмағұл Қадірқұлұлы 20 қаңтар күні мерейлі 75 жасқа толды. Осыған орай ұлағатты ұстаздың, аузы дуалы ақсақалдың туған күні Болашақ ауылында ауылдастарының қолдауымен жоғары деңгейде аталып өтті.
Исмағұл Қадірқұлұлы 1951 жылы 20 қаңтарда Жаңақала ауданы, Жуалыой ауылында дүниеге келген. В.Куйбышев атындағы сегізжылдық мектепті тәмамдап, Жаңақазан ауылындағы СПТУ-8 кәсіптік училищесінде білімін жалғастырды. 1967–1971 жылдары Түркістан қаласындағы индустриялды-педагогикалық техникумда оқыды. 1971–1973 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеді.

Еңбек жолын 1974 жылы Тереңкөл қой кеңшарында техник-механик қызметінен бастаған ол, 1977–2014 жылдар аралығында Мирон сегізжылдық, кейін орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, дене шынықтыру, еңбек және алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімі болып жемісті еңбек етті. Осы жылдар ішінде мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқушы тұлғасын қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсады.
Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамнан қол үзбей, ауыл өміріне белсене араласып, ұрпақ тәрбиесі мен елдік мәселелерге өз үлесін қосып келеді.

Тағылымды кешті Жаңатаң негізгі білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақмарал Омарова жүргізіп, жиналған қауым ақсақалдың өнегелі өмір жолын баяндайтын бейнероликті тамашалады.

Болашақ ауылындағы мәдениет үйінде өткен салтанатты шараны Болашақ ауылдық округі әкімінің аппараты мен Жаңатаң негізгі мектебінің ұжымы бірлесе ұйымдастырды. Кеш көркемөнерпаздардың әсем әндері мен әсерлі қойылымдарына ұласты.
Сахна төріне шыққан Жаңатаң мектебінің ұстаздары кештің «жұмбақ» кейіпкерлерін таныстырды. Алғашқы құттықтау сөзді округ әкімі Артур Берденов алып, мерейтой иесіне Орал қаласы мен ауыл арасына қатынайтын автобусқа бір жол бойы тегін қатынауға сертификат табыстады.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Ғабитқызы аудан әкімінің алғыс хатын тапсырып, ақсақалдың иығына шапан жапты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов Исмағұл Қадірқұлұлының қоғамдық өмірдегі белсенділігін атап өтіп, алғыс хат пен естелік сыйлық ұсынды.
Сондай-ақ мерейтой иесін құттықтауға, әріптес досы, Қайыңды ауылдық округі ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Қадем Табылдиев, еңбек ардагері, Болашақ ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Жұма Иманғалиев, ұзақ жылдар дәрігерлік қызмет атқарған Гүлфайруз Рахадилова келіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Кеш барысында Болашақ ауылы әжелер ансамблінің орындауындағы әндер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Шәкірті әрі әріптесі болған, Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов та ақжарма тілегін жолдады.
Жаңатаң мектебінің директоры Нұрлыбек Отаров ұстаздар атынан құттықтау сөз сөйлеп, аудандық білім беру бөлімінің басшысы атынан алғыс хат табыс етті. Ұстаздар қауымы арнау өлең оқып, мерекелік ән шырқады.

Кеш соңында ақсақалдың немересі Медина әуезді әнімен жиналған жұртты тәнті етті. Ал мерейтой иесі Исмағұл Қадірқұлұлы кешті ұйымдастырған ауылдастарына және келген қонақтарға алғыс білдіріп, ақ батасын берді.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы