21.01.2026, 12:30
Оқылды: 19

БҚО әкімінің кеңесшісі су тасқынына дайындық жұмыстарымен танысты

Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Мақсат Мұқанов жұмыс сапарымен ауданға келді. Іссапар барысында аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметовпен бірге су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Кеңесші су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелерін Жақсыбай, Талов және Борсы ауылдық округтерінің әкімдерімен жан-жақты талқылады.

616234653_1522730936523242_2810965973730416652_n

Аудан аумағында барлығы 18 елді мекен орналасқан. Оның ішінде су басу қаупі бар 6 елді мекен анықталған. Олар: Жақсыбай, Талов, Борсы, Күйгенкөл, Қамысты және Тау ауылдары.

Су тасқынының алдын алу мақсатында бірқатар инженерлік қорғаныс құрылыстары салынды. Атап айтқанда, Талов ауылында ұзындығы 2,2 км, биіктігі 6 метр бөгет, Борсы ауылында ұзындығы 1 км, биіктігі 4 метр бөгет тұрғызылды. Қамысты ауылында ұзындығы 1 км, биіктігі 3 метр жағалауды нығайту бөгеті салынды, сондай-ақ электростанция аумағын қорғау үшін ұзындығы 800 метр, биіктігі 3 метр бөгет орналастырылған.

2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша бекітілген инженерлік жұмыстар жоспарына сәйкес келесі шаралар атқарылған болатын: Борсы ауылының солтүстік бөлігінде тұрғын үйлерді қорғау мақсатында 1 км бөгет салынды, Тау ауылының оңтүстік бағытында еріген қар суларын жинау үшін жасанды тоған қазылды, Талов ауылындағы бөгет нығайтылды, Қамысты ауылында жағалау және электростанция аумағы бекітілді, Жақсыбай су қоймасында «Жақсыбай – Сарыөзен» каналының реконструкциясы аясында тереңдету, ернеуін көтеру жұмыстары жүргізіліп, 3 шлюз орнатылды.

Негізінен аудан бюджетінің төтенше жағдайлар резерві жалпы бюджеттің 2 пайызын құрайды. Ауылдық округтерде қар шығару жұмыстарына 2 млн теңге қарастырылған және қар шығару орындары белгіленген.

618151835_1522732359856433_7384934817818980697_n

– Биыл аудан аумағында жолды су басу қаупі жоқ. Бұрын қауіп төнген Жәнібек–Талов бағытындағы учаскелерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 6 су өткізгіш құбыр салынды. Жалпы елді мекендер мен автожолдарда 65 су өткізу құбыры тазартылып, қысқы режимге жабылды. Ал Жақсыбай су қоймасында мұз жару жұмыстарын жүргізу үшін 4000 шаршы метр аумақтың координаттары облыстық азаматтық қорғау басқармасына жолданды, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Эвакуациялық шаралар бойынша 19 эвакуациялық пункт дайындалды. Оның жалпы сыйымдылығы 3049 адамды құрайды. Олар 485 кереуетпен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ауыл шаруашылығы жануарларын көшіру орындары да анықталып, мал азығы қоры жеткілікті түрде жинақталды. Мал қорымдары су тасқынынан қорғалған. Барлық ауылдық округтерде эвакуацияланатын тұрғындарды жинау және тікұшақ қонатын алаңдар белгіленген. Дәрі-дәрмек пен азық-түлік қоры жеткілікті, жергілікті кәсіпкерлермен келісімдер жасалған. Жол қатынасынсыз қалатын елді мекендер жоқ. Халықты құлақтандыру жүйелері толық жұмыс күйінде. Жәнібек ауылында 4 электр сиренасы бар, 2025 жылы қосымша 6 сөйлеу-сиреналық құрылғы орнатылды. Қалған ауылдық округтер дауыс зорайтқыштармен қамтылған. Су тасқыны кезеңіне аудан бойынша 34 техникадан тұратын шұғыл әрекет ету тобы дайын. Инженерлік техникалардың саны – 12, барлығы техникалық жарамды. Қосымша техникалар ниет шарттар арқылы тартылатын болады. Жанар-жағармай, инертті материалдар, қапшықтар, қайықтар мен мотопомпалар жеткілікті және толық дайындықта. Ауданда су тасқыны кезеңін қауіпсіз өткізу үшін барлық қажетті күштер мен құралдар жұмылдырылған, - деді Жаннұр Бекбауұлы сапар барысында. Бір сөзбен айтқанда табиғаттың тосыннан келетін кеселіне толықтай дайынбыз деуге толық негіз бар.

Арай Сейфолла,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале