Таңғы тоғыз. Университеттің ескі корпусының үшінші қабаты. Кабинеттен асықпай шыққан аққұба қыз қолындағы дәптерін қыса ұстап, дәліз бойымен жүріп келеді. Жүзінен байсалды бір сенімділік сезіледі. Бұл – Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде физика және информатика мамандығы бойынша оқып жүрген студент Римма Жұмақанова. Бүгінде ол өз арманын нақты жолға салған, табандылығы және еңбекқорлығымен ерекшеленетін жас.

– Мен 2005 жылы Тасқала ауданының орталығында дүниеге келдім. 2011 жылы сол ауылдағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектептің табалдырығын аттадым. Сол сәт әлі күнге дейін есімде: қолыма кішкентай сөмкемді қыса ұстап, мектептің үлкен есігінің алдында толқып тұрған едім. Бастауышты аяқтаған соң «Сәулет» мектеп-лицейіне қабылдандым. Бұл мектеп менің дүниетанымымды қалыптастырған, білімге деген құштарлығымды оятқан ерекше мекен болды. 2022 жылы сол лицейден үздік аттестат алып шыққанда, өзімді жаңа өмірдің есігін ашқандай сезіндім. Сол жылы ҰБТ-дан жинаған балыммен мемлекеттік грантқа ие болдым. Бұл – мен үшін ғана емес, ата-анам үшін де үлкен қуаныш еді. Қазір армандаған мамандығымда, армандаған университетімде 4-курста оқып жүрмін. Әкем өмір бойы «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамында абыроймен еңбек еткен жан. Қазір зейнетте. Анам – Тасқала арнаулы қызмет көрсету орталығының бас есепшісі. Екеуі де өз ісіне адал, жауапкершілікті жоғары қоятын, елге сыйлы адамдар. Маған ең алдымен еңбекқорлықты, адамға құрметпен қарауды үйреткен – осы кісілер. Біз отбасында екі қызбыз: апам және мен. Арқа сүйейтін, ақылын аямайтын әпкем, әрдайым демеп жүретін ата-анам – менің ең үлкен тірегім, – дейді кейіпкеріміз.
Аудиторияның есігі ашылғанда Римма Русланқызы әрдайым бір ерекше энергияны сезеді. Университеттегі әр сабақтан жаңа әсер алып, ой түйеді.
– Осында жүрген әр ұстазымның еңбегі мен үшін өте қымбат, – дейді Римма, дәптерінің бетін ақтарып отырып. – Университетке келген күннен бастап ұстаздарымнан кәсіби адалдықты, өз ісіне беріле жұмыс істеуді, студентке құрметпен қарауды көріп келемін. Мәселен, физика пәнінен сабақ беретін Балия Иманғалиева аудиторияға кірген сәттен-ақ бар назарды өзіне аударады. Қарапайым формулалардан басталған сабақ көбіне ғылымның жаңа жаңалықтарына, өмірден алынған қызықты мысалдарға ұласады. Ол бізге дайын ақпаратты жаттатпайды. Керісінше, ойланып, анализ жасап, өз көзқарасымызды қалыптастыруға үйретеді. Маған оның кәсіби білімі мен адалдығы қатты ұнайды.
Ал орыс тілі пәнінің ұстазы Түймеш Дәрішева – Римма үшін тілдің тереңдігін ұғындырған адам. Сабақта тек ереже емес, тіл-дің мәдениеті, пікірді жеткізу әдебі, тақырыпты сауатты талқылау да айтылады.
– Түймеш апай бізге дұрыс сөйлеуді ғана емес, адаммен қарым-қатынасты, пікірталас мәдениетін де үйретеді. Тілдің қоғаммен, адаммен, оймен қалай байланысатынын сол кісіден үйрендім.
– Университеттегі әр ұстазым өзімнің тұлға ретінде қалыптасуыма ықпал етіп келеді. Осында алған білім мен тәжірибе – болашағыма жол көрсететін шам сияқты, – дейді кейіпкеріміз.
Екі ұстаз – екі түрлі бағыт. Бірақ кейіпкеріміз осы екі ұстазының арқасында ғылым мен гуманитарлық қабілетті тең ұстауды үйренген. Студенттік өмірінде Римма оннан аса ғылыми жоба жасап, түрлі байқаулар мен конференцияларда республика мен халықаралық деңгейде лайықты нәтижелер көрсеткен.
– Менің студенттік өмірім ғылыми ізденіс пен шығармашылыққа толы. Студенттердің ғылыми-зерттеу конференциясында «Қазіргі жағдайда физиканы оқытудың әдістемелік ерекшеліктері» тақырыбы бойынша 1-дәрежелі диплом иегері атандым. 2022 жылы «Жаңа толқын – 2022» өнер фестивалінде ұлттық би билеп, өнер көрсеттім. Ал ағылшын тілінен университет ішіндегі викторинада 2-орын алдым. 2023 жылы University of California, Irvine және Johns Hopkins University онлайн курстарын аяқтап, сертификат алдым. 2024 жылы М. Өтемісов атындағы БҚУ-да өткен конференцияда «Физика ғылымындағы іргелі тұрақтылар» тақырыбындағы ғылыми жобаммен I орын иелендім. 2025 жылы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен Л. Гумилев атындағы ЕҰУ ұйымдастырған халықаралық ғылыми конференцияларға онлайн қатысып, «Астрономияның мәдениетке ықпалы» және «Авогадро тұрақтысы: микродүниенің негізі» тақырыптарында ғылыми мақалаларымды жарияладым. Сол жылы Coursera платформасында «Chat-GPT-ге арналған промпт инженерия» және «Баршаға арналған генератив ЖИ» курстарын аяқтап сертификат алдым. Қазіргі таңда мен Қазақстан Республикасының Президенттік шәкіртақысының иегерімін, – дейді ізденімпаз жас.

Римма студенттік өмірін тек білім алу ғана емес, жан-жақты дамудың кезеңі деп санайды.
– Қазақ студенттерінің алдында барлық есіктер ашық, ең бастысы — еңбек ету. Білім алу, үйрену ешқашан кеш емес. Қазіргі студент тек өз университетімен шектелмейді, тәжірибе алмасу бағдарламалары арқылы басқа оқу орындарымен, тіпті шетел университеттерімен байланыс жасайды. Бірнеше тіл білу – еркіндікке жол ашатын кілт, – дейді ол.
Бос уақытын Римма тиімді пайдаланады: достарымен серуендеп, кино көргенімен қатар, роботтық техника үйірмесіне қатысады, қосымша білім алады, тіпті жазғы демалыста аутокөлік жүргізуді де үйреніп алған. Сонымен қатар қазақ әдеби шығармалары мен психология кітаптарын оқып, өз ой-өрісін жолға қойған. Соңғы оқыған кітабы Джеймс Клирдің «Атомные привычки» атты бестселлері екен.
– Менің арманым – ұстаздарым секілді болу. Яғни, тек білім беріп қана қоймай, әділдік, ізгілік және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді шәкірт бойына сіңіретін ұстаз болу. Қандай іс жасасам да, адал болу, өз мамандығымды жетік меңгеру және саналы, тәрбиелі ұрпақ өсіру – басты мақсатым, – дейді Римма.
Ол – физика пәніндегі формулалар мен заңдылықтар арқылы әлемді тануға ұмтылған жас. Бұл мамандық табандылық пен ізденісті талап етеді. Бірақ ғылымға шын ықыласпен келген жан ешқашан адаспайды. Алдағы уақытта ол өз білімімен елге қызмет етіп, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтетін буынның біріне айналарына сенім мол.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі»