23.01.2026, 21:00
Оқылды: 11

Теректіде «Театр – мәдениет ошағы» сыр-сұхбат кездесу кеші өтті

Теректі ауданына қарасты Сарыөмір ауылдық мәдениет үйінде рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Театр – мәдениет ошағы» атты сыр-сұхбат кездесу кеші жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

IMG-20260119-WA0176
Мазмұны терең, тағылымы мол бұл мәдени шараның басты мақсаты – театр өнерінің қоғам өміріндегі маңызын айқындау, ұлттық мәдениетті дәріптеу, жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыру және рухани тәрбие беру болды. Кездесу кешіне театр саласында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан ҚР Театр қайраткерлері Одағының мүшесі, Х.Бөкеева атындағы Қазақ драма театрының актері әрі режиссері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Бөкей Орда ауданының құрметті азаматы Самал Әбуов және Х.Бөкеева атындағы БҚО Қазақ драма театрының актрисасы, ҚР мәдениет саласының үздігі, аудармашы, «Макашева» театрының директоры, Теректі ауданының құрметті азаматы Эльмира Макашева қатысты. Сыр-сұхбат барысында қонақтар өздерінің шығармашылық жолдары, сахнадағы қызықты сәттер, театрдың адам жанына әсері, көрерменмен байланыс орнатудың маңыздылығы жөнінде әсерлі әңгімелерін ортаға салды. Шара барысында театр өнерінің өткені мен бүгіні, оның ұлттық болмысты сақтаудағы рөлі, сондай-ақ қазіргі заман талабына сай дамуы туралы мазмұнды ой-пікірлер айтылды. Өнер майталмандары театрдың тек ойын-сауық орны ғана емес, адамды ізгілікке, адамгершілікке, мәдениеттілікке тәрбиелейтін рухани орда екендігін ерекше атап өтті.

IMG-20260119-WA0174

Кездесу барысында қатысушылар қонақтарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Әсіресе, жас өнерпаздар мен оқушылар үшін бұл кеш үлкен тағылым мен тәжірибе алаңы болды. Шара көркем өнерге деген құрметті арттырып, театрға деген сүйіспеншілікті нығайта түсті. Кеш соңында Сарыөмір ауылдық мәдениет үйінің директоры Болған Меңдібайқызы қонақтарға алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыстады. «Театр – мәдениет ошағы» атты сыр-сұхбат кездесуі көрермендерге рухани байлық сыйлап, ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты одан әрі арттырды.

Юлия Ғалымжанқызы,
мәдени ұйымдастырушы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале