Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында шаңғы спортынан Қазақстан Республикасының кубогін сарапқа салды.

Қыстың қақ ортасында өткен дүбірлі дода еліміздің Ақсай қаласындағы шаңғы-биатлон базасында ұйымдастырылды. Оған 2010-2011 жылдары туған және 2012 жылдан кейін өмірге келген ұлдар мен қыздар қатысты. Бәсекеде Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарының, Алматы қаласы мен Бөрлі ауданының командалары бақ сынады.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы Берік Рахымғали, «Жайық арена» спорт кешенінің директоры Артур Шерғалиев, Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Карабаев, Бөрлі ауданы шаңғы спорты федерациясының президенті Әлібек Сәрсембаев, Ақсай мәдени-бұқаралық және ұлттық ат спорты кешенінің директоры Бауыржан Мухтубаев, Бөрлі аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ербол Мерғалиев, сондай-ақ жарыстың бас төрешісі, шаңғы спортынан облыстың аға жаттықтырушысы Ислам Сағынәлиев қатысты.
Құттықтаусөз сөйлеген мәртебелі меймандар жас спортшыларға сәттілік тілеп, шаңғы спортының отандық спорт тарихындағы орнына тоқталды. Сондай-ақ жас буынның спорт арқылы шыңдалып, ел намысын қорғайтын қайсар азамат болып қалыптасуының маңызын атап өтті.
Бірнеше күнге созылған бәсекенің алғашқы күнінде спортшылар спринт және еркін жүріс бағдарламалары бойынша сынға түсті. Нәтижесінде 7,5 шақырым қашықтықта өткен 2010-2011 жылы туған ұлдар жарысында Ақтөбе облысының өкілі Төреғали Өмірсерік жеңіске жетсе, осы жас санатындағы қыздар арасындағы 5 шақырымдық жарыста Бөрлі ауданының спортшысы Анастасия Соколова топ жарды.
2012 жылы туған және одан кіші ұлдар арасындағы 5 шақырымдық жарыста Бөрлі ауданының намысын қорғаған Әлішер Мәліков қарсыластарынан оқ бойы озып, алтын медаль иеленді. Ал осы жас санатындағы қыздар 3 шақырымда сынға түсті. Бұл бәсекені тағы бір бөрлілік шаңғышы Амира Жақсылықова жеңіп алды.

Еркін жүріс бағдарламасында да тартыс жоғары деңгейде өтті. 2010-2011 жылы туған қыздар арасында бөрлілік Анастасия Соколова жеңімпаз атанса, ұлдар арасында Алматы облысының өкілі Алмаз Нұрқасымбек үздік шықты. 2012 жылы туған және одан кіші қыздар арасында оралдық Яна Гагарина, ал ұлдар арасында бөрлілік Әлішер Мәліков алдына жан салмады.
Жарыстың шешуші күнінде жас шаңғышылар классикалық әдіспен бақ сынады. 7 шақырымға созылған 2010-2011 жылы туған ұлдар жарысында Алматы облысының спортшысы Алмаз Нұрқасымбек жеңіске жетті. Осы жас санатындағы қыздар арасында Анастасия Соколова тағы да өз мықтылығын дәлелдеді. 2012 жылы туған және одан кіші ұлдар арасында Әлішер Мәліков алтын медальға қол жеткізсе, қыздар жарысында оралдық Яна Гагарина мәреге бірінші болып жетті.

Ақ ұлпа үстіндегі аламан тек жарыс қана емес, табандылық пен төзімнің, жігер мен жеңіске деген ұмтылыстың айқын көрінісі болды. Қазақстан Республикасының кубогі аясында өткен бұл бәсеке болашақ шемпиондардың есімін айқындап, отандық шаңғы спортының көкжиегін кеңейте түсері анық.
Түгелбай Бисен