27.01.2026, 16:00
Оқылды: 15

Басым бағыттар айқындалды

«AMANAT»  партиясының  облыстық  филиалы  жанындағы  Әйелдер  қанатының  кезекті  жұмыс  отырысы  өтіп,  онда  алдағы  кезеңге  арналған  нақты  міндеттер  мен  басым  бағыттар  айқындалды.  Жиын  мазмұны  мен  көтерілген  мәселелер  ауқымы  Әйелдер  қанатының  қоғамдық-саяси  үдерістердегі  рөлін  тағы бір мәрте айқындап берді.

DSC00548

Отырыста Әйелдер қанатының жетекшісі Гауһар Шайхиниязова Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда көтерілген өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып, ел дамуы жаңа саяси кезеңге қадам басқалы тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер әйелдердің қоғамдық өмірдегі белсенділігі мен жауапкершілігін бұрынғыдан да арттыра түседі. Осы орайда Әйелдер қанатының алдына қойылып отырған міндеттер тек әлеуметтік емес, стратегиялық  маңызға  ие.

Жиын барысында Әйелдер қанатының 10 негізгі бағыты бойынша құрылған жұмыс топтарының жетекшілері биылғы жылға арналған жоспарларымен таныстырды. Әр бағыттың мазмұны мен мақсаты жан-жақты талқыланып, қатысушылар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды. Барлық бағыттың өзектілігі мен алда атқарылар жұмыстардың ауқымды екені  ерекше атап  өтілді.

– Біздің басты мақсатымыз – әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау. Сонымен бірге әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы нақты іс-қимыл тетіктерін күшейтуге басымдық береміз. Инклюзиялық қоғамды дамыту, психологиялық қызмет институтын құру және оның тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасау да назарда болады. Өндіріс саласындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, ауылдық жерлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту арқылы олардың экономикалық белсенділігін арттыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ әйелдердің денсаулығын қорғау, отбасы институтын нығайту, гендерлік сараптама жүргізу мен гендерлік теңдікті ілгерілету бағыттары жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бұған қоса, әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және ғалым-әйелдерді қолдап, оларды Қазақстан ғылымының көшбасшылары ретінде қалыптастыру да алдағы жұмыстардың маңызды бөлігі болады, – деді Гауһар Жәрдемқызы.

Жиын қорытындысында Әйелдер қанатының жұмысы нақтыланып, 2026 жылға арналған кешенді жоспар бекітілді. Бұл құжат өңірдегі әйелдер бастамаларын жүйелі түрде жүзеге асыруға, олардың әлеуетін ел дамуына бағыттауға берік негіз болмақ. Әйелдер қанаты алдағы уақытта да қоғамның өзекті мәселелерін күн тәртібіне шығарып, нақты нәтижеге жұмыс істейтін алаң ретіндегі мәртебесін нығайта  түспек.

Жанерке Ғинаят,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале