28.01.2026, 17:00
Оқылды: 12

Қазақстанда неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде күшейтіледі

1930701f-040b-4c05-b8aa-731f56c1c87e

Конституцияның адамның жеке басына қол сұқпаушылық, адамның негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалары айтарлықтай күшейтіледі. Бұл мәселелер Конституциялық комиссияның төртінші отырысында қаралған Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасынан көрініс тапты.
Жоба таныстырылымында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов ұсынылған өзгерістердің басты тұстарына ерекше тоқталып, «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» атты бөлімнің жаңа атауы қарастырылған мәселелерді толық қамтитын атап өтті, деп жазады Конституциялық реформа 2026 телеграм арнасы. 
Бұл ретте ұсынылған новеллалар адамның ең жоғары құндылық екені туралы қағидатқа сүйене отырып, құқықтар мен бостандықтарды іске асыру және қорғау кепілдіктерін күшейтеді және толықтырады.
«Бұл өмір сүру құқығын абсолюттік дәрежеге көтеру, адамға бағдарланған саясат, адамның жеке басына қол сұғылмаушылық пен «Миранда ережесінің», цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейту, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағидаттарын бекіту деген сөз», — деді Бақыт Нұрмұханов.

Ол қазіргі уақытта Конституцияның 7-бөліміндегі сот әділдігі қағидаты ретінде қарастырылып отырған кейбір нормалардың адам құқықтарын қорғау кепілдігі ретінде осы бөлімге көшіріліп, жеке бапқа біріктірілетінін айтты.
«Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік құқығына жаңа мән-мағына беріліп, демократиялық және құқықтық мемлекетте жеке тұлғаның еркін дамуының маңызды шарты саналатын зияткерлік меншікті қорғау кепілдіктерінің бөлек түрлері белгіленді»,– деп атап өтті Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, Конституцияда неке мен отбасы құндылықтарын, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау міндеттемелері күшейтіледі.
«Аты өзгерген «Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» бөлімінде айтарлықтай өзгерістер көзделген. Оған сот ісін жүргізу нысандарын кеңейтуге, әділеттілік пен сот тәуелсіздігінің конституциялық қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ сот жүйесіндегі кадр мәселелеріне қатысты сот мәселелері бойынша маңызды түзетулер кіреді», – деді Бақыт Нұрмұханов.
Сондай-ақ, ол Конституциялық комиссия мүшелерінің назарын адвокатураның құқықтық мәртебесін бекітетін жеке баптың қарастырылғанына аударды.
Сонымен қатар, Конституциялық комиссияның мүшесі Құрылтайдың құрылуына байланысты «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» бөліміне нақты түзетулер енгізу қажет болғанына да тоқталды.
Сөз соңында Бақыт Нұрмұханов «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» деп аталатын жаңа бөлім Ата Заңның мәтінін ең үздік халықаралық тәжірибеге сәйкес жаңартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале