30.01.2026, 12:00
Оқылды: 8

Тасқала ауданында мотивациялық кездесу өтті

Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ауданымызға белгілі кәсіпкер, бизнес-коуч Сарман Құрманұлы Минасовтың қатысуымен жастарға арналған тағылымды кездесу өтті. Аталған басқосуға аудан әкімі Талғат Асқарұлы, аудан әкімінің орынбасары Әли Сағдатұлы, аудан кәсіпкерлері мен жастары қатысты. Кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез жүргізіп, шараның мазмұнды әрі жүйелі өтуіне ықпал етті.

мотивациялық кездесу фото 2

Кездесу барысында Сарман Құрманұлы бизнес саласындағы мол тәжірибесімен бөлісіп, кәсіпкерлік жолдағы алғашқы қадамдар, кездесетін қиындықтар мен оларды еңсеру жолдары туралы кеңінен әңгімеледі. Ол өз өмір жолындағы табандылық пен еңбекқорлықтың маңызын ерекше атап өтіп, жастарды алға қойған мақсаттарына нық сеніммен ұмтылуға шақырды.

Пікір алмасу форматында өткен кездесуде жастар көкейіндегі сауалдарын қойып, нақты әрі пайдалы жауаптар алды. Еркін сұхбат пен шынайы әңгіме рухында өткен бұл жүздесу жас буынға шабыт беріп, олардың болашаққа деген сенімін арттыра түсті. Мұндай мазмұнды кездесулер жастардың тұлғалық дамуына серпін беріп, ел болашағына бейжай қарамайтын саналы ұрпақ қалыптастыруға жол ашады.

мотивациялық кездесу фото (1)

Кездесу соңында Сарман Құрманұлы мазмұнды сұрақ қойған екі қатысушыға өз кітапшасын тарту етті. Ал аудан әкімінің атынан құрметті қонаққа алғыс хат пен естелік сыйлықты аудан әкімінің орынбасары Әли Сағдатұлы табыс етті.

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале