Жасынан жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған, өңіріміздің өркендеуінде айтулы қолтаңбасы бар Абай Иманғалиевты еске алуға арналып, өткен жұма күні Чапаевта ұйымдастырылған шара «Ақжайық» спорт кешенінде үстел теннисінен облыстық турнирдің ашылу салтанатымен басталды.

Осында халқына қалтқысыз қызмет еткен тұлғаның облысымыздың, оның ішінде Ақжайықтың экономикасын көтеруге, мәдени-рухани тынысына жан-ділімен атсалысқанын айта келіп, аудан әкімі Мұрат Сердалин зерде шарасына жан-жақтан ықыласпен жиналғандарға ризашылығын арнады. Ол ерлер мен әйелдер және жасөспірімдер арасындағы үлкен турнир дене тәрбиесі мен спортқа айшықты серпіліс әкелеріне зор сенімін білдірді.
Сайысқа қатысушыларға сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Максим Үмбеталиев, А.Иманғалиевтың қарындасы Күләш Сәтиқызы игі тілектерін арнады.
Көзден кетсе де, көңілден кетпеген азамат егер арамызда жүрсе, тура осы күні 75 жасқа толар еді. Ол халық жадынан ең алдымен басшылық лауазымдарымен емес, адамдық ажарымен орын алды. 2006 жылдан ауданымыз әкімі болып тағайындалған кезінен бастап та, әр ортақ іске қатысты бұқара тілегін қаперде мықтап ұстады. Әр еңбек ұжымындағы тиісті тәртіп, жауапкершілік, түсіністік ахуалына үздіксіз назар аударды. Бұл туралы мәдени-демалыс орталығына жиналғандарға ұсынылған бейнебаянда жан-жақты көрсетілді. А.С.Иманғалиев Ақжайықтың тізгінін ұстаған алты жылда, айталық, 7 ауылға таза ауызсу, 9 ауылға көгілдір отын құбыры жетті. Жиырмаға таяу ғимарат жасандырылды. Барлық Мәдениет үйі жөнделді. Мектеп оқушыларының интернаттары, балалардың мектепке дейінгі орталықтары ашылды. Әлденеше басқа да құрылыстар көтеру қолға алынды.
Өз сөзінде аудан әкімі М.А.Сердалин еліміздің қазіргі жаңаруы жолында білімді, отансүйгіш, ізденімпаз алдыңғы толқынның өшпес өнегесі берік тірек болып табылатынын, кешегі мен бүгінгінің арасындағы сабақтастықтың мәні жайында айтты.
– Бүгінде бәсекеге қабілетті, креативті, яғни сыни ойлайтын, талдап-сараптайтын білікті мамандарды өмір әбден талап етуде, – деді ол. – Ағамыздың, ұстазымыздың ғұмыры, заманның күрделі мәселелерін шешудегі табандылығы сүйенішіміз болып жасай береді. Ғибратын зердемізден шығармаймыз.
М.А.Сердалин Абай Сәтиұлының жары Орынтай Махмұдқызына, қарындасы Күләш пен қызы Индираға зор қошеметін білдіріп, сый-сияпат тапсырды.
Мемлекетшіл тұлғаның абыройлы өмір жолы туралы Ақжайық ауданының Құрметті азаматы, ҚР білім беру ісінің үздігі Дәулетжан Жақсыбаев баяндама жасады. Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі алдымен облыстық ауқымдағы комсомол қызметінде алғыр ойлылығымен дараланды. Ленинград азаматтық авиация академиясында оқыды. 1981-1987 жылдары Орал «Аэропорт» ААҚ командирінің орынбасары (кейін 1992-2002 жылдары «Ақжол» ААҚ директорының орынбасары), 1988-1992 жылдары Чапаев ауарткомының екінші хатшысы, сосын облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, облыстық ішкі саясат департаментінің директоры, 2003-2006 жылдары облыс әкімінің орынбасары болды. Қай жұмыста да жігер, намыс, сенім жалыны жарқырады. Елдік мүддені биік ұстауымен, саяси һәм рухани тұрғыда тәуелсіздіктің іргетасын нығайтуға салмақты үлес қосуымен жұртымызға жақсы танылды.
Ауданымыз шежіресінде де оның еңбегі өшпестей ойып жазылды. Талай жас еңбеккерге жол меңзеп, бойларындағы таланттың маздауына жағдай жасады. Рухани биіктігімен идеология майданына серпіліс әкелгенін де баяндамашы кеңінен қамтыды. Қазақты сүюдің, қазаққа қызмет етудің жарқын тұлғасы болып саналатын ақын Жұбан Молдағалиев мұрасын зерделеп, қастерлеуге байланысты тың бастамалар көтерді. Аудан орталығына ескерткішін орнатып, семсер жыр иесі туған Сайқұдық ауылында қаламсап үлгісіндегі төрт қазық конусты, ұшар басында шаңырақ бейнесі бар тәутұғыр көтертті.

2011 жылғы көктемде су тасқыны кезінде тұрғындармен бірге қиындыққа қарсы тұрғаны да, иә болмаса, Ақжол ауылдық округінде ірі қара түлігінен аусыл кеселі шыққан қатерлі күндерде ауыртпалықтың шегінуі үшін дамыл таппағаны, бәрі де ел есінде.
Уақыт тегеурініне сай сана-сезімді өзгерту, адами құндылықтарды орнықтыру жөнінде Абай Сәтиұлының сайрап жатқан ізі жайында кезіндегі үзеңгілес ағасы Ғилаж Лұқпанов, сан қырлы жұмыстарда қоян-қолтық жүрген жұмыстастары, дос-жолдастары, мемлекеттік қызметтегі шәкірттері Ербол Салыхов, Айдар Батырханов, Хайдар Қапанов, Ғайса Қапақов, Нұрлан Рақымжанов, Болат Шәкімов, Тілек Ғабдушев, сондай-ақ Күләш Өтеулі, Балсекер Сәлімгереева, Орал қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, Орал қалалық мәслихатының төрағасы Есентай Қалиев, тележурналист Біржан Кухаев, А.С.Иманғалиев туған Тасқала ауданының өкілдері әңгімеледі. Облыстық мәслихат депутаты Е.Ғ.Салыхов осы үлкен шараға орай Абай Сәтиұлының жары Орынтай Махмұдқызына, отбасына облыс әкімі Нариман Төрағалиевтың тілек-хатын тапсырды.

Сөйлеушілер аға ұрпақтың, барлық асыл азаматтың адамгершілігін насихаттап, ардақтаған ауданымыздың атына қошеметтерін арнады.
Жиналғандар алдында елімізге мәлім әншілер Жаңылсын Хасанова, Еркін Өтегенов, Данияр Елеуов және басқалар өнер көрсетті.
Болат Есқалиев,
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан