Казталов ауданында белгілі ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қыдыр Харесұлының 60 жас мерейтойына арналған «Ауылдың ақынымын» атты шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтті. Бұл рухани-әдеби сазды кеш туған жерге, ауыл өміріне, қарапайым халыққа деген шынайы махаббатты паш еткен тағылымды шара болды.
Кеш шымылдығы ауыл тынысын бейнелеген әсерлі көрініспен ашылды. Гүлгүл Сәтжанованың «Ана» әні орындалып, сахнада бесік тербелген ананың бейнесі арқылы ақынның дүниеге келуі көркем түрде суреттелді. «Бұл бесік — сенің алғашқы сахнаң, балам… Сөзің де, өзің де ауылдан басталсын…» деген ана әлдиі көрерменнің жүрегін елжіретті.
Балалық шақ көрінісінде «Ұлыңмын мен — ауылым» әні шырқалып, қарияның ақ батасы арқылы ауыл ақынының болашағына деген үміт пен сенім жеткізілді. Ал жастық шақ кезеңінде «Жалпақтал — жайлы мекенім» әні орындалып, ақынның туған жерге деген ыстық ықыласы айқын көрініс тапты.
Кеш тізгінін облысқа белгілі журналист, ақын, жерлесіміз Жандос Хамза жүргізді.
Кеш барысында жүргізушілер Қыдыр Харесұлының өмір жолы мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, оның бұған дейін жарық көрген «Алау кездер — ән кездер», «Өмір мектебі» атты жыр жинақтарын және жуырда жарық көрген «Ауылдың ақынымын» атты үшінші кітабын таныстырды. Аталған кітаптың аудан орталығында салтанатты түрде тұсаукесері өткенін де аqтап өтті.
Көрерменге ерекше әсер сыйлаған сәттердің бірі — Халықтық «Назқоңыр» фольклорлық ансамблінің орындауындағы ауыл ағаларына арналған арнау ән болды. Сонымен қатар, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармония әншісі Айбар Хайырхановтың орындауындағы «Ағаларға сағыныш» әні көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш барысында ақынның өмір жолынан сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, оның тек шығармашылық иесі ғана емес, ұрпағына өнеге болар мейірімді ата екені де кеңінен көрініс тапты.
Тағы бір әсерлі сәт — Қыдыр Харесұлының немерелерінің аталарының өлеңдерін жатқа оқуы болды. Жанарлым «Тәуелсіздіктен айырма», Сыйлық «Қоян жүрек», Нарұл «Бүгін менің туған күнім» атты өлеңдерді тебірене орындап, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
Сондай-ақ жас өрендер ақынның туған жерге арналған «Жалпақтал — менің жүрегім», «Жайнай бер, Жалпақтал», «Жерұйығым — Жалпақтал» секілді жырларын оқып, поэзияның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын көрсетті.
Кеште сазгерлермен бірлесіп жазылған танымал әндер де орындалды. Облыс пен республика сахналарында танылған, жерлесіміз «ҚР мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ахметова «Алау кездер — ән кездер», «Мемлекетім менің» әндерін шеберлікпен жеткізсе, «Жайық Пресс» гимнін ақынның ұлы Дастан Абдрахманов ұсынылды.
Шара соңында Қыдыр Харесұлы мен Баян Қабиева бірлесіп шығарған «Жалпақталға келіңдер!» әнін белгілі әнші Азат Қабиев орындап, кештің көркем түйіні болды.
Мерейтойлық кештің қорытынды бөлімінде алғашқы құттықтау сөз Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловқа берілді. Ол ақынның аудан мәдениетіне қосқан үлесін ерекше атап өтіп, ізгі тілегін айтып өтіп, ел тізгінін ұстаған азаматтар атынан сәйгүлік сыйлады.
Сонымен қатар кешке қатысқан ҚР-ның құрметті азаматы төсбелгісінің иегері, Казталов, Жаңақала аудандарыының құрметті азаматы, абыз ақсақал Кәрім Өтеғұлов, «Жайық Пресс» ЖШС Бас директорының орынбасары Нұрлыбек Рахманов жүрекжарды лебізін білдіріп, сый-сыяпатын көрсетті. Ақынын дәріптеген Жалпақталдың азаматтары ақынға тұлпар мінгізді.
Кеш соңында Қыдыр Харесұлы өзі сөз сөйлеп, келген қонақтарға, өнерпаздарға және туған еліне алғысын жеткізді.
«Ауылдың ақынымын» атты шығармашылық кеш — туған жерге деген тағзымның, ауылға деген адалдықтың, шынайы поэзия мен әсем әннің мерекесіне айналды. Көрермен жүрегіне жылулық сыйлаған бұл рухани шара көптің көңілінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы