2.02.2026, 15:30
Оқылды: 14

Бәйтеректік көрермендерді «Алғашқы махаббат»  баурап алды

Аудандық «Шың» сазды-драма театрының сахнасында көршілес Тасқала ауданының халықтық театры өнер көрсетіп, көрерменге Қанат Жүністің «Алғашқы махаббат» атты комедиясын ұсынды. Көрермен көңілінен шыққан қойылымның қоюшы режиссері – Жалғасбек Мырзагереев, қоюшы суретшісі – Азамат Өміртаев.

image-02-02-26-11-32-5

Комедияның оқиғасы мектеп қабырғасындағы оқушылар өмірін арқау етеді. Әр сыныпта кездесетін таныс бейнелер – бұзық бала, екі құрбы қыз, қиялына ерік берген жасөспірім, «бастықтың баласы», сабаққа салғырт қарайтын оқушы мен сыныптың атаманы – сахнада шынайы әрі нанымды сомдалады. Қарапайым көріністер арқылы жасөспірімдер әлемінің қызығы мен шыжығы, олардың мінез-құлқы мен қарым-қатынасы әзілге толы формада көрерменге жол тартады.

image-02-02-26-11-32-7

Қойылымның негізгі желісі мектеп бітіруші түлектерге қаладан келген жас мұғалім мен оған сырттай ғашық болған ақынжанды Қанаттың сезіміне құрылған. Алғашқы махаббатын жүрегіне сыйдырған бозбаланың ұстазына деген балаң сезімі, сол махаббатты өзіне қаратқысы келген талпынысы, алайда мұғалімнің өзге жанмен тағдыр қосуы – комедияның басты арқауына айналған. Бұл оқиға желісі арқылы режиссер жасөспірімдік кезеңге тән аңғалдық пен шынайылықты көрерменге әсерлі жеткізе білді.

image-02-02-26-11-32-2

Қойылымның түпкі идеясы – алғашқы махаббаттың кіршіксіз тазалығы мен адалдығын көрсету. Адам баласы алғаш ғашық болған жанын өзгенің қолына қимайтынын, жүрекке жақын сезімнің ешқандай арам ойсыз болатынын спектакль бойына шебер сіңірген. Комедия жанрында сахналанса да, махаббат тақырыбы актерлердің кәсіби шеберлігі арқылы терең әрі шынайы ашылады.

image-02-02-26-11-32-3

Режиссер әр актердің мүмкіндігін дөп танып, бір сағатқа созылған қойылым барысында көрерменді бірде күлдіріп, бірде ойға жетеледі. Сахнадағы әр көрініс, әр сөз бен қимыл залда отырған жұртшылықты «Менің алғашқы махаббатым кім еді?» деген ойға жетелеп, әр көрермен өз жадындағы ыстық естеліктерге еріксіз үңілгендей әсер қалдырды.

image-02-02-26-11-32-1

Бұл мәдени кеш екі аудан арасындағы рухани байланысты нығайтып, өнер арқылы достықты тереңдетуге бағытталған тағылымды бастамаға айналды. Қойылым соңында сахна төрінде қонақтарға аудан әкімі атынан ықылас гүлі табысталып, өнер ұжымына құрмет көрсетілді.

image-02-02-26-11-32-4

– Тасқала театрының ұжымына, өнерлі жастарға Бәйтерекке қош келдіңіздер деймін. Ерекше атап өтетін жайт – бұл театр тек актерлардан тұрмайды, сахнаға шыққан шаруашылық қызметкерлерінің өзі өнерге шын берілген жандар екенін көрсетті. Лирикалық тақырыптағы махаббатты комедия жанрында сәтті жеткізгендеріңіз үшін бәйтеректіктердің атынан ризашылығымды білдіремін, – деген ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев Тасқала халықтық театры ұжымына естелік сыйлық табыстады.

image-02-02-26-11-32-8

Өз кезегінде көршілес ауданның атынан сөз алған Тасқала аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Танатжанов Бәйтерек жұртшылығына ризашылығын жеткізіп, Тасқала ауданы әкімінің атынан алғыс хат табыстады. Ол мұндай шығармашылық байланыстардың екі аудан арасындағы мәдени әріптестікті нығайтып, өнер ұжымдары үшін үлкен тәжірибе алмасу алаңына айналатынын атап өтті.

Салтанат Серікбайқызы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале