Бәйтерек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болып Дәулеткерей Құсайынов тағайындалды.

Актив жиналысында аудан әкімі Марат Тоқжанов ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, конкурстық комиссияның шешіміне байланысты Дәулеткерей Құсайынов Бәйтерек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы болып тағайындалғанын айтты. Оның өмірбаянына тоқталып, қызметіне табыс тіледі.
Содан соң аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев аталмыш бөлімге барып, ұжымға жаңа басшыны таныстырып, бұл бағыттағы аудан әкімінің өкімін оқыды. Осыған дейін бөлім басшының уақытша міндетін атқарғандарға аудан әкімінің, ұжымның атынан алығысын білдірді. «Дәулеткерей Атауұлы – көпшілікке танымыл жан, - деді Ерлан Ерсайынұлы.
- Облыстық, республикалық деңгейде еңбек еткен тәжірибелі маманның біздің ауданымызға келуі қуанышты жағдай. Әсіресе жастар ол кісінің жанында жүріп үлкен мектептен өтеріне сенім мол».

Айта кетейік, Дәулеткерей Атаулы 1965 жылы Жәнібек ауданында дүниеге келді. 1991 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын Жәнібек аудандық «Октябрь туы» газеті редакциясынан бастаған. Әр жылдары Жәнібек ауданында түрлі басшылық қызметтерде болған. Соның ішінде 2006-2012 жылдары Жәнібек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Одан соң БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы болды. 2017-2024 жылдар аралғында елордада ҚР Ұлттық музейінде, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық орталығында еңбек етті.

2024-2025 жылдары Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында, Ғ.Құрмағалиев атындағы облыстық филармонияда қызмет атқарды. Қадыр орталығына жетекшілік жасады. Былтырғы желтоқсан айынан бері аудандық мәдениет үйінің басшысы лауазымында еңбек етіп келді.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы