2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірлесіп ауқымды жобаны жүзеге асырды. Жоба аясында еліміздің барлық өңірінен 6 мыңға жуық педагог заманауи оқу бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырды.

Биыл да өңірлерде «Қаржылық сауаттылық» курсы жалғасуда. Бүгіннен бастап Батыс Қазақстан облысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен ҚР Ұлттық Банкінің бірлескен жобасы шеңберінде «Қаржылық сауаттылық негіздері» курсы басталды.
Курстың алғашқы күні облысқа арнайы іс сапармен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев келді. Ол курс тыңдаушыларымен кездесіп, педагогтерге жобаның маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ қоғамда азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржылық алаяқтықтың алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екеніне ерекше тоқталды. Ерұлан Кенжебекұлы Батыс Қазақстан облысында өтіп жатқан «Қаржылық сауаттылық» курсының ұйымдастырылуына оң баға берді.
Кездесу барысында «Өрлеу» БАҰО» АҚ «БҚО бойынша Кәсіби даму институты» филиалының директоры Софья Салахиденқызы Измуханбетова курс барысы, педагогтерді курстан кейінгі әдістемелік қолдау, сондай-ақ тренерлердің біліктілігі жөнінде тоқталды.
Курс аясында педагогтер бюджет жоспарлау, инвестициялау, цифрлық активтер, несие және зейнетақы жүйесі, сондай-ақ интернет-алаяқтықтан қорғану дағдылары бойынша білім алды. Алынған білімді оқу процесіне енгізу арқылы олар оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға ықпал етпек.

Сабақтар барысында анимациялық сериалдар, интерактивті симуляторлар мен ойын-тренажерлері қолданылып, қаржылық білім қолжетімді әрі түсінікті форматта ұсынылуда.
Биыл республика бойынша тағы 4 мыңға жуық педагог біліктілігін арттырудан өтеді.
Индира Бадакова,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ «БҚО бойынша КДИ»
филиалының баспасөз хатшысы